Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінде Ауған Демократиялық Республикасының аумағынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылғанына – 35 жыл толуына орай жастардың бойында Ауған соғысы ардагерлеріне деген құрмет қалыптастырып, олардың әрекеттерін болашақ ұрпақтың жадында сақтай отырып, отансүйгіштік, батылдық, адамгершілік қасиеттерін ұялатып, адалдық пен толеранттылыққа баулу мақсатында «Алау» әскери-патриоттық онкүндігі өткізілді.
«Алау» онкүндігінің ашылуы Әнұранымызбен басталып студенттердің патриоттық әндеріне ұласты.
Онкүндік жоспарына сәйкес Ауған ардагерлерімен «Ауған - сөнген шоқ, өшкен арман, тек сенен есте қалған...» атты кездесу кеші өткізілді. Оған аудандық Ауған соғысының ардагерлері қоғамының төрағасы Муфтахов Серік, Сақташев Айжарық, Молдағалиев Сағынғали, Тәжік соғысының ардагерлері Сәрсенбиев Өмірбек, Есенаманов Нұрболат шақырылды. Ардагерлерге студенттер тарапынан отан қорғау, өмір, достық, арман туралы түрлі сұрақтар қойылды. Ардагерлер өздерінің бастарынан кешкен жағдайлардан ақпараттар беріп, студенттерге отан қорғау – әр жігіттің азаматтық борышы екендігін, болашақта әскерге барып өз борыштарын өтеулеріне, оқып отырған білімдеріне сәйкес жақсы маман иесі болуларына тілектестіктерін білдірді. Кездесудің екінші бөлімінде ардагерлер студенттермен атыс даярлығы бойынша жаттығулар орындап бір серпіліп қалды.
Сондай-ақ, онкүндік аясында ауданымыздағы бейбіт күннің батырларының өмір жолдары мен ерліктерін насихаттау, олардың адамгершілігі мен азаматтығын өскелең ұрпаққа үлгі етіп, патриоттық тәрбие беру мақсатында «Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» тақырыбында Құрманғазы ауданы төтенше жағдай өрт сөндіру бастығының орынбасары, капитан Қадыржан Қапаров пен 2023 жылғы Құрманғазы ауданының «Жыл батыры» номинациясының иегері Ади Бектемиров қатысқан сұхбаттасу кеші, «Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі директорының кубогі – 2024» үшін аудандық мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында «Бейбіт елдің жастары» атты волейбол сайысы өткізілді. Сайысқа колледж студенттерінің командасы мен ауданымыздың 4 мектебінің оқушылар командасы қатысты.
Сайыс нәтижесінде Кұрманғазы аграрлы-техникалық колледж студенті Ғалламов Алтынбай «Үздік шабуылшы», Манаев атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Шапихов Мирас «Үздік ойыншы», Бегалиев атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Нигметуллаев Тимур «Үздік байланыстырушы» атанды. ІІІ орынды М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің, ІІ – орынды Құрманғазы аграрлы - техникалық колледжінің, «Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі директорының кубогі – 2024» пен жүлделі 1 – орынды Манаев атындағы жалпы орта мектебінің командасы иеленді. Спортшыларды марапаттауда Құрманғазы аудандық Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөлімінің бас маманы Мұрадым Кайсаев , колледж директоры Болатбек Өтегенов қатысушы команда жетекшілеріне, ауған соғысының ардагерлеріне өзінің ризашылығын білдірді.
«Елім деп соғар жүрегім» тақырыбындағы аудандық патриоттық әндер байқауына қатысқан колледждің ІІІ курс студенті Сахиев Нұрсұлтан жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Ардагерлеріміздің басынан өткен жайлар қайталанбай аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбітшілік заманымыз болсын деп тілейік.