Құранды жатқа оқудан жарыс өтті

(0 Votes)

Бөкейхан ауылдық округіндегі 250 орындық «Салиха ана» мешітінде Құранды жатқа оқудан жасөспірімдер арасында аудандық сайыс өтті.

Сайыстың ашылуында «Темірәлі» мұсылмандар мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев сөйлеп:

– Осында оқылған Құран аяттарының сауабы Салиха анамызға да тисін деп тілейміз. Бүгінгі сайыскерлеріміз жас болғанымен арасында отыздан аса сүре білетіндері де бар. Болашақта араларынан қарилар шығады деген үміттеміз. Басқа мұсылман елдерінде тоғыз жасар кішкентай балалар 114 сүрені жатқа айтады. Әлемде ең көп оқылатын кітап ол – Құран! Басқа діндерде өздерінің кітаптарын түгелдей жаттамайды. Ал, Құранды жаттау ниет қойған адамға жеңіл. Оны түгел жаттаған адамға Алла Тағала жәнатта тәж кигізеді екен, – деп қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, мешіттің демеушісі Талғат Жаудин:

– Біріншіден бізді қазақ етіп дүниеге әкелгені үшін Алла Тағалаға ризамын. Екіншіден, ата-анамызға, бауырларымызға, балаларымызға да алғысымды білдіремін. Үшіншіден осы жасөспірімдердің дінге бет бұрып, ханафи мазһабын ұстанып, Құранды жаттап, сайысқа қатысып жатқандары үшін көп рахмет. Қазіргі заманда әртүрлі ағымдар көп. Соның ішінде біздің дәстүрлі бағытымызды ұстап, ата-аналарыңызды сыйлап жүріңіздер, – деп сайысты ұйымдастырған «Темірәлі» мұсылмандар мешітінің бас имамы Еламан Бегалиевке ризашылығын жеткізді.

Сайыста балалар кезекпен-кезек төрешілер алдына келіп Құранды жатқа оқыды. Оқып келе жатқанда төрешілер үзіп, басқа сүренің кез-келген жерінен бір аятты айтады. Қатысушы оны сол жерден әрмен қарай жалғастырып кетеді.

Байқағанымыз көбі жақсы дайындықпен келіпті. Мүдірмей жалғап отырды. Соңында жеңімпаздарға түрлі дәрежедегі дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT