ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевпен кездесу

(1 Vote)

«Білімді болу деген сөздің мағынасы — белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу деген ұғым.» ,-деп ұлы Әбу Насыр Әл-Фараби айтқандай білім беру саласы қашан да мемлекеттің жіті назарынан тыс қалған емес.

Оның тағы бір айшықты дәлелі - «100 жыл және одан да астам тарихы бар білім беру ұйымдары» атты ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың ғасырлық тарихы бар мектеп, колледж басшылары және ұжымдарымен кездесу өткізуі деп есептеймін. Білім ордасының адам өміріндегі орнына баға беру мүмкін емес,ол өлшеусіз дүние, мектептің құдіреттілігі де сонда. Республика көлемінде ғасыр және одан көп жылдар бойы жұмыс жасап келе жатқан білім беру мекемелері жайында бейнебаян өте әсерлі болды. Әр облыстағы ғасырдан астам уақыт бойы жас ұрпаққа толыққанды білім мен тәрбие беріп келе жатқан мектеп,колледж басшылары өз ұжымдарының тарихына бойлай отырып, жетістіктерімен,тәжірибелерімен бөлісті.

Бас ұстазбен жылы жүздесу білім саласындағы әріптестіктің, бірліктің басты нышаны ретінде көңілімізге сенім ұялатып, серпін сыйлады. Бұл тек жүз жылдан асқан өткені бар мектептермен кездесу ғана емес, қоғамымызда, қазақ халқының өмірінде білім мәселесінің тамыры өте тереңде жатқанын білдіретін маңызды қадам болды. Білімнің қара шаңырағы атанған осындай мектептерде қызмет жасау педагогтар қауымына аса үлкен жауапкершілік жүктейді, тарихымызды дәріптей отырып, келешекте жоғары нәтижелерге жетіп, ата-бабаларымыздың, аға буын өкілдерінің салып кеткен сара жолын әрі қарай лайықты түрде жалғастыру міндетіміз болуы тиіс.

Оқу-ағарту министрі білім ордаларына міндет жүктей отырып, тәжірибелері республика көлемінде зерттеліп, зерделенетінін барлық мектептерді «Жайлы мектеп» деңгейіне, заманауи дәрежеге көтеру керектігі, инфраструктуралық құрылымын жоспарға алу, үстіміздегі жылдан бастап ғасырдан астам тарихы бар мектептер мен колледждердің ахуалы тексеріліп, қорытындысы шығарылып, соған сәйкес қажетті жаңғырту істері жүргізілетіні, кезінде марапаттан тыс қалған педагогтарды әр түрлі марапаттарға ұсынуды қолға алу баса айтылды. Сөз соңында министр ғасырлар бойы еңсесін түсірмей, білім туын желбіретіп келе жатқан ұжымдардың барша ұстаздарына зор алғысын білдіріп, шығармашылық табыс, отбасы бақытын тіледі. Ұжым мүшелері басқосудан жүзбе-жүз кездескендей әсер алды. Қызығы мен қиыншылығы мол қызметімізге керемет қолдауды сезіне отыра, жаңа міндеттер, мықты жобалар, озық ойларды жүзеге асырамыз деген сенімдеміз.

Хасанова Жамал Әдебиетқызы,

Абай атындағы жалпы орта мектебінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT