Әділ Жұбанов шалғайдағы Азғыр өңірінде болды

(0 Votes)

Құрманғазы ауданындағы алғашқы кездесуіміз - Асан ауылдық округінен басталды. Округ орталығы Асан ауылы, аудан орталығы – Құрманғазы ауылынан 190 км қашықтықта орналасқан. Асан ауылдық округінің құрамына Асан және Үштаған ауылдары кіреді.

Бүгінгі таңда Асан ауылын 569, Үштаған ауылын 653 тұрғын мекендейді. Ауылдық округтегі 2 орта мектепте 199 оқушы білім алуда, 2 ауылдық мәдениет үйі, 2 ауылдық кітапхана, 1 медициналық мекеме, 1 «ҚазПочта» бөлімшесі, ауа райын зерттеу станциясы, обаға қарсы күрес мекемесі бар.

Кеңес дәуірінде Үштағандағы қой шаруашылығының дамуы үздік жетістіктерге жетті. Үштағандықтар жүздеген мың асыл тұқымды қой өсіріп, бірнеше мыңдаған жылқы мен түйе баққан. Мал шаруашылықтарын дамытып, ел экономикасының өсуіне өз үлестерін қоса білген.

Өкінішке қарай, қазір ауылдың бүгінгі хал-ахуалы, шынымен, қиын жағдайда. Игерілетін бастамалар, ілгерілететін істер өте көп. Ауыл тұрғындары бірінші кезекте жол мәселесін шешіп беруді сұрайды. Себебі, жол мәселесінің жылдар бойы шешілмеуі Құрманғазы ауданының шалғайдағы Асан, Азғыр, Сүйіндік ауылдық округтеріндегі 6 мыңға жуық халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізіп отыр. Медицина мамандарының тапшылығы, медициналық көмек алудың қиындығы, емханада дәрі-дәрмектің жоқтығы, азық-түлік бағасының қымбаттығы, дәріхана ашу секілді өзекті мәселелер соңғы онжылдықта тіптен өзекті болып отыр.

Үштаған, Асан ауылдарының тұрғындары пошта бөлімшесін қайта ашуды, мобильді байланыстың жақсарғанын сұрайды. Өйткені ауылдарда интернет желісі нашар. Биыл наурыз айында осы Асан ауылының интернет мәселесін шешу мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен кездесіп сөйлескенде, «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы Асан, Үштаған, Нұржау ауылдарына жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту мәселесі шешілетіні айтылған болатын. Бүгінгі таңда интернет тарту жұмыстары басталған. Бұл жұмыстар Цирфлық даму министрлігімен жүргізіліп жатырғандықтан, тікелей бақылауымда болады. «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы бойынша 2025 жылы ауданның Азғыр, Қоңыртерек, Шестой, Балықшы, Шағырлы, Иманово, Құмарғали, Дәулет, Батырбек, Егіндікөл, Жасталап елді-мекендеріне интернет тартылады. 2026 жылы Қошалақ, Каспий, Большой Күйген, Жасарал елді-мекендері толықтай интернет желісімен қамтылмақ.

Асан ауылындағы кезек күттірмей шешілуге тиіс мәселенің бірі – ауыз су проблемасы. Қазір бұл өзекті мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар мардымсыз жүргізілуде. Ауыл тұрғындарын ауыз су мәселесі алаңдатқалы қашан? Тұрғындарға ауыз суды су құбырмен беру әлі толық шешілмеген. Қоянды топтық су құбырымен 9 елді мекенді түгел қамту үшін 6 ұңғыманың құрылыс жұмыстары аяқталған. Қазір құрылыс жұмыстары толық аяқталғанымен, ауыз сумен қамтамасыз ету әлі шешілмеген. Құрманғазы аудандық әкімдігімен Қоянды топтық су құбырын Республикалық меншіктен аудандық меншікке беру ұсынылған. Алайда, ауданда аталған саламен жұмыс жасайтын коммуналдық мекеме болмауына байланысты жергілікті меншікке алу мүмкіндігі жоқ. Мәжілістің алдағы сессиясында қолданыстағы заңдарға жергілікті атқарушы органдарға коммуналдық мекеме ашуға мүмкіндік беретін ұсыныстарды енгізетін боламын. Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы Азғыр өңірінің ауыз су мәселесі қазан айының соңына дейін шешілетінін айтып, ауыл тұрғындарына уәдесін берді.
 
Сонымен қатар, Асан ауылына дейін аудан орталығынан электр энергиясы желісін тарту мәселесі де өзекті болып отыр. Электр желісі 1977 жылы жүргізілген, осы уақытқа дейін ауыстырылмаған, күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жоғарғы кернеулі электр желісі қыс мезгілінде, қатты желді күндері жиі-жиі сымдары үзіліп халықтың наразылығын туғызуда. Асан ауылына электр энергиясы желісін тарту бойынша облыстық Энергетика басқармасына ұсыныстар беріліп, орындалысы жеке бақылауымда болады.

Асан ауылдық округінің құрамындағы Үштаған елді мекенінің тұрғындарын құм көшкіні мазалайды. Тұрғындардың айтуына қарағанда, ауыл іргесіндегі құм көшкінін тоқтату үшін сексеуіл егудің тиімділігі зор. Сол себептен құмға қарсы төтеп беретін өсімдіктерді көптеп егу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың басты бақылауында болып, Үштаған ауылын құмнан қорғау жұмыстары  жоспарлы түрде жыл сайын жүргізілуі қажет.


Әділ Жұбанов, 
ҚР Мәжіліс депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT