КӨПТОҒАЙДА ДА ЛОТОС ГҮЛДЕДІ

(0 Votes)

Табиғат әлемі адамзатқа көптеген ғажайып гүлдер мен өсімдіктер сыйлады. Солардың ішінде ерекше орын алатын гүл — лотос. Бұл гүл өзінің сұлулығымен ғана емес, терең мағыналық мәнімен, тазалық пен рухани кемелдікті білдіретін қасиетімен танымал. Лотос — ежелден бері түрлі халықтардың наным-сенімі мен мәдениетінде киелі өсімдік ретінде қалыптасқан.

Лотос — суда өсетін көпжылдық шөптесін өсімдік. Ол негізінен жылы аймақтарда, әсіресе Азия мен Африка елдеріндегі тұнған, тынық сулы көлдер мен тоғандарда өседі. Лотос батпақтың ішінде тамыр жайып, су бетіне әсем гүлін шығарады. Оның жапырақтары үлкен, домалақ және су өткізбейді. Ал гүлінің түсі — ақ, қызғылт немесе күлгін болуы мүмкін.

Гүлінің диаметрі 20-25 см-ге дейін жетеді. Бір қызығы, лотос гүлі күн шыққанда ашылып, күн батқанда жабылады. Бұл — табиғаттың ерекше үйлесімі.
Лотос гүлі- әлемнің көптеген елдерінде тазалық, адалдық, рухани ояну, өмірдің жаңаруы сияқты ұғымдардың символы болып есептеледі. Лайлы суда өсіп тұрса да, лотос гүлі әрқашан таза әрі мінсіз күйде ашылады. Бұл қасиеті арқылы ол адамның да қандай жағдай болмасын, ішкі тазалық пен мейірімділікті сақтай алуына ұқсас бейнеге айналды.

Буддизм мен индуизмде лотос ерекше орын алады. Будда мен құдайлардың мүсіндері көбінесе лотос гүлінің үстінде бейнеленеді. Бұл – рухани биіктік пен кемелдіктің белгісі.Қытайда лотос гүлін тазалық, тұрақтылық, адалдық пен бақыттың белгісі ретінде құрметтейді.Ежелгі Египетте лотос — күннің, өмірдің және қайта тірілудің символы болған.

Лотос тек әдемі гүл емес, ол халық медицинасында да қолданылады. Оның тамыры, жапырағы мен тұқымдары денсаулыққа пайдалы. Тамырынан тағамдар дайындалады, ал жапырағынан шай қайнатып, ағзадағы зиянды заттарды шығаруға пайдаланады. Сонымен қатар лотос теріні нәрлендіріп, жүйке жүйесін тыныштандырады.Биыл ауданымызда алғаш рет “Lotus Fest-2025” Лотос фестивалі өте тамаша жоғары дәрежеде өтті.

Құрманғазы ауданында өткен ерекше шара – Лотос гүлі фестивалі туған өлкеміздің табиғи байлығы мен көркем көрінісін насихаттап, қонақтар мен тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.  Бұл — туған жердің тұмса табиғатын дәріптейтін тамаша дәстүрге айналуға лайық шара!  

Лотос — табиғаттың бізге берген тамаша сыйы. Ол сыртқы сұлулығымен ғана емес, ішкі терең мағынасы, рухани мәнімен ерекшеленеді. Тазалықты, тұрақтылықты, рухани кемелдікті бейнелейтін бұл гүл — адамзаттың өмір жолында жол көрсетуші нышан іспетті. Сондықтан да лотос гүлі әрбір адамның жүрегінде ерекше орын алуы тиіс.                          

Осы орайда, Көптоғай ауылының Әрутүбек деген жерінде ,Қиғаш өзенінің сағасы Доленка өзенінің жағалауында лотос(тұңғиық) гүлі былтырдан бастап өсіп, ауыл тұрғындары қуанып тамашалауда.Маған да сәті түсіп,ұжымдастарымызбен барып,алғаш көргеннен керемет қуаныш көңіл күй сыйлады.Тұрғындар ,ауылға келген қонақтар лотос гүлін барып өте жақсы әсер алуда. Ауыл тұрғындарына да ризамыз, өйткені бір де бір гүлі немесе жапырақтары зақымданбаған, сондай әдемі. Табиғат берген сыйымызды қадірлеп ұстайық! Жылдан- жылға гүлдене берсін. Ауқымы кішкене болса да өте жақсы әсерде боласың. 

Келіңіздер, көріңіздер!

Дайындаған өлкетану мүшесі,тіл маманы Суинова Кунсулу Үрпекқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT