Көптоғай ауылында мұражай ашылды

(0 Votes)

Көптоғай ауылдық округіндегі С.Мұқанов атындағы орта мектепте тарихи-өлкетану мұражайы ашылды.

«Мұражай – тарих айнасы» атты салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, аудандық мәслихаттың хатшысы Гүлжанат Қалиева, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық  «Теңіз» филиалының төрағасы, «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев, клуб мүшелері  Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын Таңатар Дәрелұлы, Ержан Гайнетов, Оразғали Алғаязов қатысты.

«Өткенді білмей келешек жоқ», дегендей, мектептің кең де жарық бөлмесіне орналасқан мұражай  жіліктеп атасақ – «Қазағымның салт-дәстүрі» атты ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға, «Адал ұл ер болып туса – ер тірегі» тақырыбындағы Ауған соғысы және Чернобль апатына қатысқандарға,  Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, халық қалаулылары – ауылдан шыққан алғашқы депутаттар Сапура Елеусінова, Ханым Қуанышәлиеваға, көне жәдігерлерге, «Тылсымнан қонған қасиет» деген емшілер мен жерлес ақындарға, «Мектеп басшысы – қоғам басшысы» атты мектеп тарихына арналған 7 бөлімнен тұрады. Қазақы киіз үйдің, соғыс және еңбек ардагерлерінің тұтынған мүліктері, медальдары, ағаш күбі, диірмен, сырнай, ескі шамдар, патефон, тоқыма станогы, іс тігетін машина, баспа машинкасы  және басқалары,  барлығы 64 жәдігер мұражай төріне қойылған. Әрқайсысы өткен заманның бір көрінісін көз алдыңа әкеліп тұр.

 

С.Мұқанов атындағы орта мектептің директоры Күнсұлу Сүйінова ашылу салтанатына қатысушыларға қош келдіңін айтып, мұражайды ашуға ұстаздар, оқушылар, ауылдағы өлкетанушылар клубының мүшелері  үлкен үлес  қосқанын жеткізіп:

– Бірінші мақсатымыз  жер атауларын, олардың шығу тарихын кейінгі ұрпаққа таныстыру. Екіншіден жерімізді өсетін дәрілік өсімдіктерді анықтау, бұл жөнінде оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үшіншіден, ауданымыздағы «Өренді өлкетанушылар» клубына барғанда  осындай мұражайларды көрдік. Ойымызға ой қосып, алдымызға мақсат қойып, педагогикалық ұжыммен ақылдасып, тамыз айында шешім қабылдап, осы мұражайды ашуды жоспарладық. Әрбір үйге барып жәдігерлерді жинау бізге оңайға түскен жоқ. Қолында бар жәдігерді беруге келіскендер де, бас тартқандар да болды. Соған қарамастан клуб мүшелері осыларды жинақтауға үлкен еңбек сіңірді. Шекара бойында орналасқан кішкентай ауыл болсақ та бай тарихымыз бар екенін көрдік,– деді.

Мұражай алдына керілген лентаны аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев қиды. Жаңа мұражай ауыл тұрғындарына сенбі-жексенбіден басқа күндері таңертеңнен түске дейін, мектеп оқушыларына 15.30-17.30 арасында  ашық  тұрады. Ішке енген қатысушыларға мұржай меңгерушісі Гүлдерім Мусина әр жәдігерлерді таныстырып, олардың  тарихы туралы әсерлі әңгімеледі.

Мектептің акт залында өткен шараның екінші бөлігінде аудан әкімінің орынбасары  Амангелді Хайдарұлы:

– Мұражай ашылуы жақсы жаңалық. Елдің тарихын, салт-дәстүрін танытатын құндылықтың бірі. Мұнда  қойылған жәдігерлер, құралдар – тарихтың айнасы. Бұл мұралар өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге септігін тигізеді деген сенімдемін. Әр елдің басқалардан өзгеше болмыс-бітімі болады. Соны айқындайтын мұражайлардағы құндылықтар. Олардың бәрін жинақтауда, осында әкеліп орналастыруда үлкен жұмыс, ізденіс жатыр. Оның ашылуы  мұғалімдердің, ұстаздардың, оқушылардың, жергілікті халықтың және де ауылда құрылған «Өренді өлкетанушы» клубы мүшелерінің бірлескен жұмысының нәтижесі. Көп еңбекті талап етеді. Мұражайды ашуға септігін тигізген барша адамдарға алғысымызды айтамыз. Мұндай  өскелең  ұрпаққа рухани азық беретін жәдігерлер саны  көбейе  түссін! Игі бастамаларыңыз алға баса берсін!, – деп шарада өнер көрсеткен оқушыларға ризашылығын білдіріп, мұражай жәдігерлерінің  30-40 пайызын  табыс еткен ауыл тұрғыны Даниял Әбілхатауұлына Алғыс хат табыс етті.

Осындай ізгі тілектер аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев, Көптоғай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Каримов, аудандық мұражайдың директоры Жазира Мадирова, «Ақтоты» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Венера Дауытова, ауылдық  клуб меңгерушісі Нағима Мұратова тарапынан да айтылып, бір топ адамдарға Алғыс хаттар ұсынылды.

Академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы:

– Жастарды өлкетануға тәрбиелеу, оларды қанаттандырып, рухтандыру үшін – «Өренді өлкетанушы» тобы ашылды. Оның жетекшісі Күнсұлу Үрпекқызы. Қазір ауданның энциклопедиясы жазылып болды. Біздің ауданның энциклопедиясы негізінде деп айтуға болатын шығар  облыстық энциклопедия да кері жазылып жатыр. Енді округтердегі бүгінгі тыныс-тіршілікті анық көрсетіп, кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін тарихи-танымдық кітап шығаруды қолға алдық. Осы округте оған Күнсұлу Үрпекқызы редактор болып отыр. Оған бұл жұмыста көмек көрсету тапсырылған Ержан Ғайнетов пен Оразғали Алғаязов осында қатысуда. Өнегелі, өсиетті орын мұражайды жинақтаудың басы-қасында да мектеп директоры тұрды. Мұның бәрі бірлікті қамтамасыз ететін факторлар, – деп  кейінгі ұрпаққа өлкетануды жеткізудің маңыздылығын атап өтті.

 

Мектеп директоры Күнсұлу Сүйінова мұражайды жасақтауға қаржылай қолдау білдірген педагогикалық ұжымға, жеке кәсіпкерлер Арайлым Қарабалаева, Шапағат Абдолов, Ақылбек Қуаншалиев, мектеп түлегі Ерназар Тұңғышәлиевке ризашылығын білдіріп, шараны қорытындылады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT