Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылдық округінде фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.
Жаңа ғимараттың ашылуына аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева, медицина қызметкерлері мен ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты. Көптоғай ауылы аудан орталығынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда 1152 тұрғын өмір сүреді, оның 22-сі 15 жасқа дейінгі балалар. Жаңа медициналық нысан халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек. Мұнда 1 акушер, 1 фельдшер, 1 санитариялық қызметкер, 4 оператор жұмыс жасайды. Медициналық пункт дәрігерге дейінгі сапалы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге арналған. Мұнда тұрғындар ем-шаралар мен қабылдау бөлмесінде қажетті медициналық қызмет ала алады.
-Жаңа медициналық нысан заманауи талаптарға сай медициналық кабинеттермен жабдықталған. Мұнда ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған физиотерапия, екпе, акушерлік кабинет, қақырық талдау бөлмесі, процедуралық кабинет, дәріханасы бар фельдшер кабинеті, тіркеу бөлімі, информатизация кабинеттерімен толықтай жабдықталған. Ғимарат ауыз су құбыры мен кәріз жүйесіне қосылған,-дейді аудандық орталық аурухананың директоры Саида Зулкашева.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Абат Жанғалиев: -Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Атырау облысында 18 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Ауданымызға қарасты жоспарланған нысандар біртіндеп халық игілігіне ұсынылуда.
Өңірде шалғай ауылдарды медицина мамандарымен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа нысанның ашылуы – ауыл тұрғындарына сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсетуге бағытталған маңызды қадам- дей келе, Абат Сайфоллаұлы символикалық кілтті ФАП меңгерушісі Айман Мақсотқызына табыстады.
Медициналық пункт облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы негізінде салынды. Мердігер мекеме-“А3 Групп” ЖШС.
Айнагүл Шакупова


