Ауданымызға туберкулез ауруының алдын алу, онымен күрес жолдарын түсіндіру мақсатында келген мониторингтік топ денсаулық сақтау, білім беру ұйымдары қызметкерлерімен, округ әкімдерімен кездесіп, жұмыс қорытындыларын жариялады. Жиынды аудан әкімі Абат Жанғалиев ашып, жүру тәртібімен, сөйлейтін спикерлермен таныстырды.
Алдымен мониторинг топ жетекшісі, Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Жаңабай Сағиев осындай мақсатпен ауданымызда 2022 жылы болғанын айтып, арадағы уақыттағы туберкулезбен күрес бағытында атқарылған жұмыстарға, әлі де атқаруылуы қажетті жайттарға тоқталды.
Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығы мониторинг және бағалау тобының маманы Гүлфара Елеубаева ағымдағы жылдың алғашқы үш айында туберкулезге қарсы күрес шараларына сараптама жасады. Аталған орталықтың балалар бөлімшесінің меңгерушісі Марат Шуақбаев өңірде қауіпті жұқпалы аурудың эпидемиологиялық жағдайын есепке ала отырып, балаларды Манту сынамасымен, ересектерді флюорографиялық тексерістен өткізумен толық қамтамасыз ету керектігін айтты.
Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығы мониторинг және бағалау тобының жетекшісі Серік Абишев аудан бойынша жүргізілген мониторингтің қорытындысын жариялап, қалыптасқан жағдайға орай химизатор медбикелерді оқыту, оларды сертификаттау, фтизиатр, фтизиопедиатр мамандарды дайындау, білімін жетілдіру мәселесін шешуді сөз етті.
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының бас маманы Майра Жанғалиева аудан бойынша үстіміздегі жылдың үш айындағы туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы, туберкулинодагностика және флюорографиялық жоспардың орындалуы, өкпе дертіне қарсы екпемен қамтылуы жайындағы кемшін тұстардв атады. Аудан әкімі Абат Жанғалиев округ әкімдеріне тұрғындардың флюорографиялық тексерістен өтуін қадағалауды тапсырды. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Саида Зұлхашева, фтизиатр дәрігер Озат Ахметқалиев туберкулезбен күрес бағытында атқарылған жұмыстардан хабардар етсе, Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Сұңғат Бралиев бір жасөспірімнен өкпе дерті анықталуы жағдайы жайында түсінік берді.
Айбек НӘЖІМОВ