Туберкулез – қоздырушысы бактерия болып табылатын жұқпалы ауру, басым бөлігінде өкпені зақымдайды.
Бұқара халық арасында туберкулезді тұқым қуалайтын ауру ретінде қабылдайтын қате түсінік қалыптасқан. Ауру сау адамға ауа арқылы жұғады. Өкпе туберкулезімен ауратын адам жөтелу, түшкіру, сөйлеу және қақыру кезінде ауаға туберкулез бактерияларын бөліп, онымен дені сау адам тыныстап, ағзасы инфекцияға шалдығады.
Статистикалық мәліметтер бойынша адамдардың 80-90 пайызы туберкулез инфекциясын жұқтырғанымен, олардың тек 5-10 пайызы ғана өкпе туберкулезімен аурады. Себебі, мықты иммунитеті бар адамдардың ағзасы туберкулезге қарсы төтеп беріп, ауырмайды.
Екі аптадан артық уақытқа созылған жөтел, түнгі тершеңдік, қызудың ұзақ уақыт бойы түспеуі, салмақ және тәбет жоғалту, кеуденің ауруы, тез шаршау және әлсіздік туберкулездің белгілері болып табылады. Бұл жағдайда тез дәрігерге қаралғаны жөн. Алайда медициналық тәжірибе көрсетіп отырғандай, кейбір адамдар аурулары дендеп, жағдайлары нашарлап, дерті асқынған кезде ғана дәрігерге келіп қаралу фактілері жиі кездеседі. Әрине, ондай кезде емделіп сауығып кету де қиынға соғады, өкінішті жағдайларда орын алуы әбден мүмкін.
Туберкулез дертіне шалдығу ауданымызда әлде де өзекті мәселелер қатарында. Туберкулезбен алғашқы ауру және бұрын өкпе туберкулезімен ауырған адамдардың қайталап ауру көрсеткіштері облыстық, республикалық деңгейден жоғары. Өкінішке орай, бұл дерт балалар мен жасөспірімдердің арасында да жиі кездесіп отыр. Сондықтан туберкулездің ашық, жұқпалы түрімен ауратын отбасындағы балаларды оқшаулау (изоляция) өте маңызды шара. Бұл ретте аудан орталығында орналасқан «Балауса» балабақшасы, Атырау қаласындағы облыстық балалар санаториясы, №4 мектеп-интернат мекемелері ондай балаларды тегін қабылдап, тәрбиелеп, оқытып, құнарлы аспен алты мезгіл тамақтандырып, олардың туберкулезге қарсы иммунитет деңгейін жоғары көтеріп, сауықтырып, аурудың алдын-алуға септігін тигізеді.
Балаларды туберкулезден қорғаудың алғашқы шалараы БЦЖ вакцинасы болса, одан да бас тарту аудан бойынша орын алуы қынжылтады. Ата-аналармен түсінік жұмыстары көбіне оң нәтиже бермей жатады. Вакцинациядан бас тарту, 20-30 жылдардан кейін, туберкулезге қорғаныссыз адамдардың қоғамда қалың тобын қалыптастырып, күрделі жағдай туындатуы ықтимал.
Туберкулез дертін анықтау үшін қазіргі уақытта емханада қақырықты микроскоппен зерттеу тәсілі қолданылады. Сонымен қатар, жылма жыл флюорографиялық зерттеуден өтудің маңызы зор. Биылғы жылдан бастап аудандық емханада заманауи қондырғы «Xpert МТВ/RIF» экспресс-тестісін қолдану, туберкулез диагнозының екі сағат ішінде қойылуына мүмкіндік береді. Туберкулез дертін емдеуге толық мүмкіндік қарастырылған, емделуі тегін. Жұқпалы науқастар стационарда емделеді, ауаға микроб бөлмейтін науқастар амбулаториялық жолмен, міндетті түрде дәрігердің бақылауымен емделеді.
Туберкулезден емделу науқастан төзімділікті қажет етеді. Науқас ауруын отбасына, балаларына, қоғамға таратып жұқтырмау үшін өзінің жауапкершілігін сезініп, бастаған емін толықтай алып, емдеу курсын аяқтағанша үздіксіз дәрілерін қабылдауы қажет. Сондай-ақ, туберкулез дертіне шалдыққан аурудың отбасы мүшелері, жақын туыстары, жұмыстастары, достары ауруға психологиялық көмек көрсетіп, моральдық тұрғыдан қолдай отырса, науқастың дертінен тез айығып, ортаға, қоғамға қосылуына зор көмегін тигізері анық.
О.АХМЕТҚАЛИЕВ,
дәрігер фтизиатр