Кадырка ауылындағы 60 пәтерлік үй, РТС ауылындағы «Келешек мектебі», Құрманғазы ауылындағы орталық стадион құрылысы «Amanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының бақылауында тұрған нысандар.
Сол себепті олардағы жұмыстың жүру барысына комиссия тарапынан мониторинг жүргізіледі. Осындай мақсатпен партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Дәурен Абдығалиев, Есболат Құбашев, Оразғали Алғаязов партиялық бақылауда тұрған аталған нысандардан – Кадырка ауылындағы 60 пәтерлік үй мен РТС ауылындағы «Келешек мектебі» құрылысына барып, жасалып жатқан жұмыстармен танысты.
Алпыс пәтерлік үй біте келіпті. Мұнда абаттандыру жұмыстары жалғасын табуда. Мердігер мекеме «Бек и Ко» ЖШС-нің учаске шебері Азамат Сұлтанов комиссия мүшелерімен әңгімесінде жақында НКОК компаниясының өкілі келіп, құрылыста болып, кейбір ұсақ жұмыстар бойынша ескерту беріп кеткенін жеткізді. Қазір сол кемшіліктерді жою қолға алынуда. Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Есболат Құбашев: – Абаттандыру жұмыстары бойынша үй алдына терек отырғызғанда қарағашты жолатпау керек. Біріншіден ол тез өсіп үйдің алдын жауып, көлегейлеп тастайды. Үстіне қарға ұя салып, бұтақтары мен жапырақтарына маса, шыбын жиналады. Тамырлары үйдің жертөлесін тесіп, мына жаяу жүргіншілер жолын астынан көтеріп жібереді. Қарағаш деген көлеңке болып тұруы үшін саябақтарда егетін терек. Өздеріңіз көріп жүрсіздер мектептер мен мекемелер алдында ішке күн жылуын түсірмегені, ғимаратты тасада қалдырғаны үшін қарағаштарды кесіп тастап жатыр.
Жаңа үйдің алдына биік болып өспейтін туя сияқты декоративті теректерді отырғызған дұрыс, – деген ұсынысын айтты. Көрікті нысан 60 пәтерлік үйдің алдына қоршауы бар жасыл алаң, әдемі тас төселген жаяу жүргіншілер жолы, тынығу алаңы салыныпты. Мұндағы алаңдатар мәселе кәріз жүйесінің құдығы жобада қаралмапты. Солай қабылданып кетпеуі үшін жобаға өзгеріс енгізсе де оны жуық арада шешкен дұрыс. «Келешек мектебі» құрылысы қарқынды жүруде. Прораб Нұрлан Қуанышұлының айтуынша 85 пайызға бітіп тұр. Құрылыс басында 135 адам, 8 техника жұмыс жасауда. Лас су ағатын кәріз құдығы, өрт сөндіру резеруарлары орнатылған. Алдыңғы жағында бірнеше адам мен техникалар 1300 шаршы метр іс-шаралар өтетін алаңның түрлі түсті тас төсеніштерін төсеуде. Бір жақ жанында 225 шаршы метрлік балалар ойын алаңының да құрылысы жүруде. Сонымен қатар, 560 метрлік ауласының жан-жағының темір қоршаулары, жасыл алаң тұрғызылуда. Үш жылдық кепілдік мерзімі бар «Келешек мектебі» 600 балаға деп жоспарланғанымен, екі аусымда мың оқушы еркін оқи алады.
Сыртқы абаттандыру жұмыстарымен келесі жылы түгелдей аяқталады. Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Есболат Құбашев оны қазақша немесе аралас мектеп етуді көтеріп жүргенін айтты.
Қанат ҒҰМАРОВ

