«Корвет 600 DC» катерлері алып берілді

(0 Votes)

Жалпы өңірімізде балық шаруашылығы қалай дамуда? Қандай жұмыстар жасалып жатыр? Алда қандай міндеттер тұр? Осы сұрақтардың жауабын білмек ниетпен Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы Дүйсалиевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Балық байлығымызды қолды етуге әзір тұратындармен күрес қалай жүргізілуде?

– Ағымдағы жылдың «Бекіре-2020» балық қорғау акциясын өткізу нәтижесінде 443 тұлғаға әкімшілік және 17 қылмыстық іс қозғалып, балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 7,4 млн. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, күні бүгін заңсыз айналымнан 8,5 тонна балық, оның ішінде 337 кг бекіре тұқымдас балық, 15,44 кг бекіре тұқымдас балықтар уылдырығы, 357 бірлік аулау құралы,60 бірлік жүзу құралы және 10 бірлік көлік құралы тәркіленді. Браконьерлікке қарсы күрес шараларын күшейту мақсатында 2019 жылы облыстық бюджеттен Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына 10 дана «КОРВЕТ 600 DC» маркалы жылдам жүретін су кемелері (катерлер) және өздігімен жүрмейтін бір өзен кемесі (брандвахта) сатып алынды. Алайда, өңірімізде браконьерлік азаймай тұр, оның себептері, браконьерлік үшін қолданатын жаза жеңіл және тағайындалатын айыппұл көлемі төмен. Сондай-ақ, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының материалдық-техникалық базасының төмен болуы, атап айтсақ, қуатты моторлы теңіз кемелері, жылдам жүретін катерлер, арнайы қызметтік автокөліктер жетіспеушілігі және заманауи ұшқышсыз ұшу аппаратының (дрон) жоқтығы, қала және аудандардың сауда орталықтарында арзан қытай ауларын (сетка) заңсыз сатылуы әсер етуде.

– Соңғы кезде балықшылар тарапынан көп айтылатын мәселе биоресурстарға төлем мен саланы субсидиялау, өзен бойымен түнде балық тасымалдауды шешу. Бұл бағытта қандай жұмыстар жасалып жатыр?

– Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 583 бабына өзгеріс еңгізу жоспарлануда. Атап айтсақ, белгіленген биоресуртарды төрт тоқсанға бөліп төлеу, яғни І және ІІ тоқсында жалпы квотадан 40 %, ІІІ - тоқсанда 0 %, IV – тоқсанда 20 % төлеу, сондай-ақ, ірі қара балыққа белгіленген төлемақы мөлшерін 0,013-тен 0,004-ке, ал, ұсақ қара балыққа белгіленген төлемақы мөлшерін 0,004-тен 0,001-ге төмендету ҚР экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі арқылы қарастырылу үстінде.

Субсидиялауға келсек Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту мақсатында субсидиялаудың төрт жаңа түрлерін қарастыруда. Біріншісі балық өсіру биологиялық негіздемесінің құнын, екіншісі балық отырғызу материалын сатып алуға кеткен ақшаны, үшіншісі құнды балық түрлерінің өндіруші аналық табындарын сатып алуға және ұстауға кететін қаражатты, төртіншісі барлық балық өсіру шаруашылықтары үшін дәрілік препараттарды сатып алуға арналған шығындарды 50%-ға дейін субсидиялауды енгізу жоспарланып отыр. Шекаралық Қиғаш өзені бойымен түнде балық тасымалдау әзірге шешіле қойған жоқ. Десек те,Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ҚР ҰҚК Шекара қызметінің басшылығымен бірлесіп «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңының 48 бабының 4 тармақшасына өзгерістер енгізуге жұмыстануда. Атырау облысы әкімдігі, Жайық-Каспий бассейннің су көздерінде түп тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін су арналарын қазатын, сондай-ақ, су бойындағы шөпті оруға арналған жүзу техникаларының есебін жасап өз ұсыныстарын Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жолдады, - дейді жоғарыдағы сұрағымызға Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы Дүйсалиев.

Қ.ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT