Коронавирус елімізге және әлемге қалай әсер етуде?

(0 Votes)

Бүгінгі күні бүкіл жаһан жұртшылығын алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі – көршілес Қытай елінде белең алып, шартарапты шарпып бара жатқан «коронавирус» індеті екені даусыз.

Міне, сондықтан да, аталмыш дерт жауапсыздық пен салғырттықты көтермейді. Жұқпалы вирусқа Қазақстан да бейжай қарап отырған жоқ. Іргесіндегі елге індет іліне бастағанда-ақ Қытай-Қазақстан арасындағы өткізу бекеттерінде сақтықты күшейткен болатын. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың: «Коронавирустың таралуы қауіпті деңгейден асып барады» деп айта келіп, елімізде бірде-бір жағдай тіркелмесе де, тиісті өкілетті органдарға оған қарсы күресу жолында барлық шараларды қолға алу жөнінде нақты тапсырмалар беруі осының айқын дәлелі.

Шынымен де, бұл проблеманың артында мемлекет мүддесі мен халқымыздың тағдыры тұрғаны жасырын емес. Қазіргі уақытта коронавирус ошағының анықталғанына екі айға жуық уақыт өтсе де, оның белең алуы 70-тен аса мемлекеттің аумағына басып кіріп, халықтың дегбірін қашырды. Әсіресе, Франция, Германия, Швейцария, Нидерланды, Швеция мен Норвегияда ауру тез таралуда. Осыған байланысты бас санитар Еуропа елдеріне бармауға кеңес беріп отыр. Сонымен қатар, ол халықты карантиндік шараларды сақтауға үндеді. Атап айтқанда, коронавирустың қаупі жоғары елдерден келген адамдар ауруханаға 14 күндік карантинге жатуға міндетті. Әлем бойынша бұл індетпен күресудің әртүрлі әдістері насихатталып, қолға алынуда. Дамыған елдердің өзінде дәстүрлі әдеп-ғұрыптан бас тартып, кездескенде қол беріп амандасуан, құшақтасудан және беттен сүю сияқты мәдени-сыйласымды қарым-қатынасқа жол бермеу шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, жеке гигиенаны сақтау мәселелері бойынша бас изеп немесе қол бұлғап қана амандасу керектігі жөнінде үгіт-насихат жұмыстары дамылсыз жүргізілуде. Тіпті, ислам діні үстемдік құрған кейбір мемлекеттердің өзінде жұма намазға жаппай бару шараларына да уақытша шектеу қою мәселесі жүзеге асырылуда. Осы орайда, «аталмыш індеттен сақтануда бұдан басқа қандай жағдайларды қаперде ұстау қажет?» деген сияқты заңды сұрақ туады. Оның ең маңыздысы – той-томалақты, сауық-сайранды азайту қажеттігі дұрыс. Бұл туралы аз айтылып, аз жазылып жатқан жоқ. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген нақыл сөз дәл қазіргі жағдайға бағытталып айтылған.

Мамандардың пікірінше, адамның ауру жұқтырғанын алғашқы күні-ақ білуге болады. Себебі, қауіпті дерт белгілері бірден көріне бастайды. Коронавирус белгілеріне дене қызуы, жөтел, қақырық бөліну, ентігу және бас пен бұлшық еттің ауыруы жатады. Инфекция негізінен адамның өкпе тіні мен иммунды жүйесін зақымдайды. Сақтық шаралары: беті-қолды сабынмен жиі жуу, антисептик қолдану, адамдар көп жиналатын жерге бармау, суық тию белгілері пайда болған жағдайда тұрғылықты жері бойынша дәрігермен кеңесу.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT