Американың танымал вирусшы ғалымы Джозеф Фэйр бұған дейінгі коронавирус ауа арқылы тарайды дейін қауесетті жоққа шығарды.
Ол «CNBC» телеканалының тікелей эфирінде сөйлеген сөзінде инфекцияның ашық алаңқайда ұзақ уақыт сақтала алмайтынын жеткізді. Айтуынша вирусты жұқтырудың екі ғана жолы бар: ол ауру адаммен тығыз байланыста болу немесе оның ұстаған нәрселеріне қол тигізу. «Бұл зұлмат ауада сақталмайды» деп атап көрсетті сарапшы.
Қауіпті дерт алғаш рет пайда болған Қытайда оның өрши түсуі үшін қандай қолайлы орта керектігі анықталды. Мұндай мәліметті Қытайдың Чжуншань қаласындағы Сунь Ятсен университетінің мамандары таратып отыр. Вирустың түрлі ортада даму барысы зерттелгенде оның 5 пен 8 градус салқындықта, 50% ылғалдылықта тез көбейетіні байқалған. Қытайлық ғалымдардың мәлімдеуінше температура 9 градусқа жылығанда COVID-2019-дың (коронавирустың) таралуы азаяды, 30 градусқа жеткенде мүлдем тоқтайды. Сондықтан ең қауіпті кезең ерте көктем.
Ал, Ресейдің «Жұқпалы аурулардың профилактикасы мен емдеу ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШҰ» мекемесінің директоры, жұқпалы аурулар жөніндегі ғалым Георгий Викулов «Комсомольская правда» газетінің тілшісімен әңгімесінде жазда коронавирустың таралуы тоқтайды дегенге сенбейтінін әлі де зерттей түсу керек екенін айтады. Сол себепті Г.Викулов оның жолын кесу үшін алдын алу шараларын күшейте түсу қажеттігін алға тартады.
Күннен күнге қарышты қадаммен әлемді жаулап келе жатқан коронавирустан сақтанғанда жай ғана салқын тигеннен өзгешелігі мол екенін есте ұстаған дұрыс. COVID-19 адамның басына тас құлағандай бірден әсер етіп, оны жұқтырған адамның санаулы минуттарда-ақ көңіл-күйі төмендейді. Ең алғашқы белгісі тамақтың құрғауы. Мұнда әдеттегі ОРВИ кезіндегідей қабыну болмайды. Ауруға шалдыққандардың 80 пайызында құрғақ жөтел байқалады. Ол қатты болмауы мүмкін, алайда адамға жөтелу қиындап, шаршатады. Одан әрі даму барысында тахикардия мен демікпеге соқтырады.
Ақпарат көздерінен аударған Қанат ҒҰМАРОВ