Алыстағы Оңтүстік Кореядан жанымызға қуаныш сыйлап, көңiлдi марқайтар ақжолтай хабар жетті. 10-14 шiлде аралығында Оңтүстік Корея республикасында 2024 CHUNCHEON KOREA OPEN INTERNATIONAL TAEKWONDO CHAMPIONSHIPS турнирi өткен болатын.
Оған әлемнің әр түкпірінен бiрнеше елдiң жас таэквондошылары қатысып бақтарын сынады. Осы жарыста құрманғазылықтар қарсыластарын ойсырата жеңіп, еліміздің абыройын асқақтатты. Бұған дейін халықаралық жарыстарда бiрнеше мәрте жеңіске жеткен жерлесіміз Нұрайлым Бақытжанқызы тағы да сенiмдi ақтады. 51 келi салмақта кадеттер арасында төрт жекпе жек өткізіп, Мексика, Қазақстан, Монғолия, Корея спортшыларын ұтып, чемпион атанды. Бекжан Бақытжанұлы 63 келi салмақта жастар арасында 4 жекпе-жек өткізіп, Жапония, Корея, Тайланд, Қазақстан спортшыларын жеңiп, чемпион болып, бағы жанды. 68 келі салмақта Жанайбек Шамұратов 3 кездесуде АҚШ, Корея спортшыларынан басым түсiп, Тайланд елiнен келген қарсыласына есе жiбердi. Нәтижесінде қола жүлдені қанжығалады. Осы жерде айта кетейік, жоғарыда аталған Нурайлым мен Бекжан бір үйдің балалары. Бекжан мен Жанайбек Олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп интернат колледжінде оқиды. Үшеуіде құрманғазылықтар, жаттыктырушысы Руслан Саматұлы.
Кореядағы турнирде Атырау қаласының спортшылары да жеңіске жеткенiне тоқтала кетелік. Кадеттер арасында Нұргүл Сералиева - 44, Парасат Болат- 41 келi салмақта чемпион атанып отыр. Журжан Ғани кадеттер арасында 33 келi салмакта күмiс және Алина Болат, Дастан Қадырғали қола жүлдеге қол жеткiздi. Жеңiмпаз спортшыларды жарыска дайындаған ересектер арасындағы облыстық аға жаттықтырушы Ерлан Алагузов, жастар арасындағы облыстық аға жаттыктырушы Асқар Токтабаев, кадеттер арасындағы облыстық аға жаттықтырушы Орынбасар Бершиев және ОРОММИК аға жаттықтырушысы Руслан Аманғалиев. Туған жерiмiздiң жеңiмпаз жас спортшыларының шығар биігі көбейiп, қатарлары арта берсiн!
Айнагүл Шакупова