Осыдан 30 жыл бұрын, 1995 жылы 30 тамызда Конституциялық референдум өтті және соның нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.
Негізгі заң еліміздің егемендігіне берік негіз қалап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етті, сондай-ақ мемлекеттік құрылымның демократиялық қағидаттарын бекітті. Конституция Қазақстанның тәуелсіздігі мен құқықтық мемлекет құруға ұмтылысының символына айналды. Өткен отыз жыл ішінде ол өз өміршеңдігін дәлелдеп, мемлекеттілікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етті.
Ата Заңымыздың 30 жылдығы мерекесі қарсаңында аудандық аналар кеңесі мен аудандық Отбасын қолдау орталығы бірігіп «Конституция және отбасы құндылықтары» тақырыбында қоғамдық қабылдау өткізді.
Шараға Құрманғазы аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, адвокат, құқық қорғау қызметкерлері, аудандық отбасын қолдау орталығының директоры, бөлім басшылары, аудандық ішкі саясат, білім, жастар ресурстық орталығы, Құрманғазы ауылдық округінің мамандары, психологтар, аналар кеңесі мен түрлі клубтардың мүшелері және жастар қатысты.
Шараны Отбасын қолдау орталығының директоры Анарбек Баймұханов ашып, қабылдаудың мәні мен мақсатына тоқталды. Отбасы институтын нығайту, отбасы мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, ана мен баланың құқығын қорғау бағытында өткізілген шарада жанұя ішіндегі құқықтық қатынастар, ана мәртебесі, зорлық-зомбылықтың алдын алу, ажырасу, алимент, мүлік бөлісі мәселелері, медиация, татуластыру жолдары қарастырылды.
"Конституция және отбасы құндылықтары" тақырыбында Атырау облысы адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Ұлмекен Сапарова баяндама жасаса, осы тақырып аясындағы аудандағы жағдай, атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Талғат Исаев пен Отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы Зәмзәгүл Оңдасынқызы, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Нұргүл Ахметова хабарлама жасады.
Қабылдауға келген Жаңаталап, Еңбекші ауылдық округі тұрғындарының сұрақтары тыңдалды. Оның шеңберінде мамандар құқықтық түсінік беріп, алдағы уақыттағы жұмыстарына бағыт берді. Қоғамдық қабылдауға келгендерге ата-ана мен бала арасындағы жауапкершілік, отбасы ішіндегі құқықтық мәдениет, бала тәрбиесіндегі заңдық негіздер туралы кең көлемде ақпарат айтылды.
Айнагүл Шакупова