Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінде аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы ұйымдастырылды.
Оған комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері, ауылдық округ әкімдері, білім беру ұйымдарының директорлары қатысты. Алдымен колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Күнайым Сәрсенова қатысушыларды оқу корпусымен, студенттер жатақханасымен, кітапханамен таныстырып, оқу шеберханасын аралатты. Жалпы, колледжде 8 мамандық бойынша 11 оқу тобында 214 студент оқиды. Өткен жылы 110 талапкерді оқуға қабылдаған. Техникалық шығармашылық, дәнекерлеу ісі технологиясы, автомобиль және трактор тренжеры, электр жабдықтары зертханасы, көліктерге техникалық қызмет көрсету және диагностикалау кабинеттері заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған. Мотор жөндеу, газбен дәнекерлеу, токарьлық цехтарында шеберлер студенттермен бірге қажетті құрылғылармен практикалық жұмыстарын жүргізуде. Колледж асханасында «Аспаз» мамандығына машықтанып жатқан шәкірттердің тағам дайындау технологиясымен танысқаннан кейін қонақтарға кофе-брейк ұйымдастырылды.
Колледждің мәжіліс залында аталған комиссия отырысының ІІ бөлімі ұйымдастырылды. Оған төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова күн тәртібімен таныстырды. «Жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыстың және оларға қатысты зорлық-зомбылықтың (соның ішінде педофильдік әрекеттер) алдын алу» бойынша аудандық полиция бөлімі ювеналды полиция тобының инспекторы Арсен Қибашев хабарлама жасады. Бүгінгі таңда кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстары үшін аудан бойынша сотталған 1 адам есепте тұр. Ол «Педофил» жедел есебінде тұрғандықтан, бөліммен тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Комиссия мүшелері М.Мұстахишев, Б.Хасенова мәселеге орай туындаған сұрақтарын қойды.
«Жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу, насихат жұмыстарын жүргізу» жөнінде аудандық орталық аурухананың директоры Асулан Абдрахманов баяндады. Ауданымызда кәмелетке толмағандар арасында 4 жүктілік тіркелген. Бірақ, қазіргі таңда оның 2-еуі 18 жасқа толып отыр. Комиссия мүшесі Берік Әнесов акушер, гинеколог дәрігерлер мектептің шақыртуынсыз, өздерінің жоспарына сәйкес білім ошақтарыа келіп, қыздармен кездесулерін ұйымдастырып тұрса деген ұсынысын жеткізді. Күн тәртібіндегі осы мәселе бойынша аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Еділ Баяров хабарламасын ұсынды. «Студенттер мен оқушылардың білімге қолжетімділігі» туралы колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Күнайым Сарсенова, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Еділ Баяров айтып өтті. Комиссия мүшесі Б.Хасенова білім сапасы, бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуы және жоғары оқу орындарына грантпен түсуі жайлы мәліметтерді сұрады. Ата-ана Ержан Рысқалиев токарь мамандығына мамандар баулудың маңыздылығын, аудандағы олардың тапшылығын айтып, өзінің ұсынысын жеткізді. Комиссия төрағасы Гүлнар Хасанова көшпелі мәжілісті қорытындылап, бірлесіп жұмыс жасауды жандандыру қажеттігін, «саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін» тілге тиек етіп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша округ әкімдеріне, мүдделі мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктеді.
Айнагүл Шакупова