Қоғам дертіне жол бермеу – маңызды міндет

(0 Votes)

Аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес комиссиясының қорытынды отырысын аудан әкімі Абат Жанғалиев жүргізді,-деп хабарлайды "Серпер" газетінің тілшісі Қанат Ғұмаров.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Руслан Сиражев өз хабарламасында 2024 жылы 688 өтініш түсіп, оның ішінде 280-і кезекке қойылып, 408-і құжаттары толық және сәйкес келмеуіне байланысты кері қайтарылғанына тоқталды. Жыл басынан бері күні бүгінге дейін аудандық тұрғын үй комиссиясының 3 отырысы өткен. Комиссияға 12 өтініш түсіп 9-ы қанағаттандырылған. Қазіргі таңда аудан бойынша 1235 адам үй кезегінде тұрса, оның ішінде әлеуметтік осал топ – 482, көп балалы отбасылар – 289, бюджеттік сала қызметкерлері – 304, жалғыз тұрғын үйлері апатты жағдайда деп танылғандар – 31, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 129. Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы үй кезегінде тұрғандар екі пәтерлік жер үйлерге қызығушылық танытатынын, олар жеке меншікке берілмейтінін, көп пәтерлі үйлерден алған баспаналарға ғана ондай құқық барын айтып, осыны кезекте тұрғандарға жеткізуді тапсырды. Комиссия мүшелері Талғат Жаудин апатты үйлер, Ерлан Хисметуллин тұрғын үй септиктері туралы сұрақтар берді. 

Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова  «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар, қабылданған шаралар туралы» хабарлама жасады. Бөлімде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мақсатында 21 ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі бойынша көрнекі жерлерде «Жемқорлық індет – жою міндет», «Жемқорлыққа жол жоқ» және тағы басқа көрнекіліктер орнатылған. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің сыртқы ғимаратында орналасқан LED экраннан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бейнероликтер көрсетілімі жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Азаматтар мен заңды тұлғалардан қолданыстағы заңнамаларды бұзу мәселелері немесе сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттерге байланысты мемлекеттік қызметшілердің әрекеттеріне шағым түспеген. Мемлекеттік сатып алу заңдылықтарын қатаң сақтау үнемі бақылауда ұсталуда. Жемқорлыққа жол бермеу бағытында әлеуметтік желіде, аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінде мақалалар жарияланған. Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы ішкі талдау жұмыстарына қатысты сұрақтар қойды.

Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса да осы тақырыпта хабарлама жасап, атқарылып отырған бірқатар жұмыстарды қаперге берді. Хабарламашының айтуынша ауыл тұрғындары мен жастар арасында сыбайлас жемқорлық тақырыбында анонимді сауалнама жүргізілген. «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы» округ әкімінің өкімі бекітіліп, ішкі талдау жұмыстары жасалған. Талдау кезінде округ әкімі аппаратының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, персоналды басқару, мүдделер қақтығысын реттеу және басқа да жұмыстар атқарылған. Зерттеу барысында сыбайлас жемқорлықты тудыратын фактілер анықталмаған, алайда, «Кент, ауыл жерлерінен жер учаскесін беру» мемлекеттік қызметін көрсету кезінде келіспеушіліктер болған. Аталған талдау қорытындысымен округте сыбайлас жемқорлық тәуекелін тудыратын келіспеушіліктер бойынша іс-шара жоспары жасақталып, болдырмау жұмыстары жасалып отыр. Округтің Мұрагер, Болашақ, Отар Юсупов, Жұмекен Нәжімеденов көшелерінде «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ», «Бір пара – екі қылмыскер» атты баннерлер орнатылған. Одан әрі хабарламашы комиссия мүшелері тарапынан туындаған сұрақтарға жауап қайтарды.

Соңында аудан әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс және жұмылдыру дайындағы бөлімінің бас маманы Бекзат Қазиханов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының 2025 жылға арналған жоспарын таныстырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT