Күн батып, айнала қараңғылық құрсауына шырмалғанда, көшелердің көркін еселейтін жарық шамдары екені даусыз. «Жолда кесе-көлденең жатқан нәрсеге соқтығып қалмас па екем» деген күдікке бой алдырмай, кешкілік таза ауамен еркін тыныстауға да септігін тигізер осы жарқырау құралы.
Оның нашарлығы немесе мүлдем қондырылмауы көліктердің жол апатына ұшырауы мен бұзақылардың теріс әрекеттерінің белең алуына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.
Осындай олқылықтарды барынша болдырмау ісі қарқынды алға басуда. 2020 жылы Құрманғазы ауылдық округіне Абдуррахман Муса әкім болып тағайындалып, сол жылдан бері көше жарығын тарту жұмысы үздіксіз жүріп келеді. Көшелерді жарықтандыру 2021 жылдан бастап «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, аталмыш бағдарлама бойынша ауылдық округтің Өркениет, Ж.Ниғметов, М.Әуезов, Сәулет, Б.Бегалиев, М.Ғилаев, Афанасьев, Жаңару, Атырау, Көшекбаев, Ғ.Әліпов, Желтоқсан, Майра Қабдолқызы, Тәуелсіздік, Ғ.Есболаев, Шаттық көшелеріне, сондай-ақ, Бұзауслан және Самаркин көпіріне, әкімдіктің алдына көше жарығы орнатылды. Бұрын ауыл бойынша бар болғаны 800 жарық шамы болса, қазір 70 мың метр электр желісі, 4000-ға жуық заманауи LED жарық шамдары бар.
Көптен күткен жарықтың орнатылғанына тұрғындар дән риза. – Көше бойының түнгі мезгілде қараңғы болуы қауіпті. Адамнан көлік қаптаған заманда оның жарығы көзге шағылысып, жаяу жүру мүмкін емес. Кімнің қайда бағыт алғанын білмей, айналада не болып жатқанынан бейхабар отыратынбыз. Қараңғы көшемізге жарықшамдардың қойылғанына кеудемізді ерекше қуаныш сезімі кернеді. Енді осындай бастамалар жалғасын тауып, әрбір көше жарқырайтын болса, аудан ажары артып тұратыны анық,-дейді М.Ғилаев көшесінің тұрғыны Клара Салахиденова. Ал Өркениет көшесінің тұрғыны Жақсылық Айдыналиев: - Біз тұратын көшеде жарық болмағандықтан, балаларымыз сабақтан үйге оралғанша жанымызды шүберекке түйіп, алаңдайтынбыз. Кейде өзіміз алдарынан шығып күтіп алатынбыз. Балалар түрмақ, ересектердің өзі түнде тас қараңғы көшемен жүруге қорқатын. Сол себепті осы көшемізді жарықтандыруды талай мәрте өтіндік. Соның енді реті келіп, көшелеріміз жарқырап тұр,-деді жүзіне ерекше шуақ ұялап.
Көше жарықтарын орнатушы – ИП С.Мурзағалиев, ЖШС Сұңқар мекемесі. ИП Зере мекемесі көше жарықтарын күтіп ұстап келеді. Бүгінгі таңда Кресті ауылы мен Ескі әуежай елдімекендерінің кейбір көшелері жарықсыз тұр. Бұл мәселе келесі жылы 100% шешіледі деп жоспарлануда.
Еркеназ Қалижан