Әйел – ана, әйел – жар, әйел – барлық жақсылық атаулының жаршысы. Мемлекетіміз гендерлік-отбасы саясатына, еліміздегі нәзік жандылардың жағдайын жақсартуға әрдайым басты назар аударып келеді.
Расында да, бүгінде әйелдердің саяси және экономикалық мәртебесін арттыру – заман талабы. Аталмыш мақсатқа жету үшін облысымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аудандық орталық кітапханада «Әйелдер көшбасшылығы мектебі» атты семинар-тренинг өтті.
Алғашқы сөз алған аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Елшат Асқар бұл семинар-тренингті жас қыз-келіншектердің көшбасшылық қабілетін дамыту, оларды болашақта басшылық жұмысқа бейімдеу бағытында аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мен «Қазақстан Тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық жастар бірлестігі ұйымдастырғанын айтты.
Облыстық мәслихат депутаты Замзагүл Карсакова:
- Мұндай семинар-тренингтердің әйел адамдарға берері мол. Біздің түсінігімізде, көшбасшылық – өнегелі жол. Бұл бір ғана лауазымда жұмыс жасап, мекемені басқарып қана отыру емес, отбасында да асыл жар, аяулы ана атанып, үлгілі ұрпақ тәрбиелей алу. Әлеуметтік желіде көп уақытымызды босқа кетірмей, осындай рухани азық сыйлайтын, бойымызға жақсы қасиеттерді жинауымызға септігін тигізер семинар-тренингтерге жиі қатысқанымыз абзал,-дей келе, арнайы келген қонақтарға қош келдіңін айтып, шараға сәттілік тіледі. Одан әрі сөз тізгінін алған басты спикер, коуч, бизнес тренер Алтынгүл Атабаева семинар тақырыбына сәйкес дайындаған слайдын қатысушылар назарына ұсынды.
Өз басынан өткен қиын да қызықты оқиғалары, жетістікке жету жолындағы мол тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, уақытты жүйелі басқару, жаңа заман әйел-көшбасшыларының имиджін қалыптастыру жөнінде ақыл-кеңестерін ортаға салды. Қоғамда қыз-келіншектердің өз жолын адаспай табуы, саясатты да, ғылымды да, түрлі кәсіп түрін де жан-жақты меңгеріп, барлық салада ер азаматтармен бір дәрежеде қызмет атқаруы талқыға салынды.
Қатысушылар да өз пікірлерін іркілмей айтып, көкейлеріндегі сан сауалға тұшымды жауап алды. Семинар барысында кофе-брейк те ұйымдастырылып, белсенділік танытқан қыз-келіншектерге арнайы сертификаттар табысталды.
Еркеназ Қалижан