Еліміздің зайырлы, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық мемлекет ретінде орнығуының жолындағы ең басты қауіп-қатерлердің бірі – сыбайлас жемқорлық екені белгілі.
Сондықтан, оны болдырмау, алдын-алу, ауыздықтау мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Себебі, жемқорлық еліміздің экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігіне орасан зор нұқсан келтіріп қана қоймай, нарықтық қатынастардың дамуына да залалын тигізеді. Сол себепті онымен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналған.
Елімізде сыбайлас жемқорлықтың түп-тамырына балта шабуға Президентіміздің пәрменімен барлық құқықтық құрылымдар кешенді түрде жұмыс жасауда. Онымен күрес БАҚ беттерінде де ұдайы насихатталуда. Талай жемқорлар тұтылып жатыр, соған қарамастан бұл індет қоғам өмірінде бой көрсетуін тоқтата қойған жоқ. Өйткені, ол екіжақты «құпия мәміле» ретінде іске асырылатындықтан, ашылуына екі тарап та мүдделі болмайды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 366-шы бабымен пара алушы, 367-ші бабымен пара беруші де жауапқа тартылады. Пара алу мен пара берудің жауапкершілігі тең. Жалпы сыбайлас жемқорлықпен күрес бір ғана құзырлы органдардың міндеті емес. Оған көп болып атсалысқанда ғана жеңіске жетеміз.
Марал Гумарова,
Құрманғазы ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы