Көне жәдігерлердің көшпелі көрмесі

(0 Votes)

Аудандық музейде облыстық тарихи-өлкетану музейінде археологиялық қазба жұмыстарынан табылған тарихи құнды жәдігерлерден жасақталған «Ұлы дала жауһарлары» атты көшпелі көрмесі басталды.

Көрменің ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Жанғалиев құтықтау сөз арнап, құнды жәдігерлерге толы көрмені аудан жұртшылығына көзайым етіп алып келген Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Бақтыгүл Қаспанқызына ризашылығын білдіріп, Алғыс хатын табыстады.

Ауданда тарихты түгендеу мақсатында толағай іс тындырып жүрген «Өренді өлкетанушы» клубының жетекшісі, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалұлы, клубтың белсенді мүшесі, ардагер журналист Таңатар Дәрелұлы шараның маңыздылығына тоқталып, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Жиналған музейсүйер қауымға аудан өнерпаздары тақырыптық ән арнап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Келесі кезекте облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскусоводы Ғалия Назарбекқызы көрмеден орын алған экспонаттарды жеке-жеке таныстырып шықты. Көрме экспозициясына 1999 жылы Атырау облысы, Жылой ауданының Аралтөбе қорғанынан табылған Сармат көсемінің және  2017 жылы Миялы қорғанынан табылған Сармат әйел адамының реконструкциясын көруге болады.

Сонымен бірге, Сарматтар кезеңіндегі қыш ыдыстар, жебе ұштары, темір семсер мен ақинақтар, моншақтар, қола, ерте темір және сарматтар дәуіріне жататын қола айналары, сол дәуірдің ескерткіштері, Қылыш, Борсық және Миялы қорғандарынан табылған алтын жапсырмалар, жебе ұштары, құмыралар, ат әбзелдері және басқа да артефактілер қойылды. Көшпелі көрме 12-15 қараша күндері аралығында жұмыс жасайды.

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT