Қиын-қыстау кездерде Азғыр бойының халқын аштықтан аман алып қалған – құмаршық өсімдігі екенін аға буын өкілдері жақсы біледі. Осы өсімдікті Астана қаласына апарып Ұлттық сараптама орталығында зерттеуден өткізіп, құнарлылығын дәлелдеген, ұзақ жылдар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Сәрсенбай Еңсегенов.
Айтуынша құмаршық жайлы кезінде атақты жерлестеріміз Әбу Сәрсенбаев пен Жұмекен Нәжімеденов өз шығармаларында жазған. Құмаршықты Сәрсенбай Құрманұлына Қазақстан Жазушылар одағы аудандық «Теңіз» филиалының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев таныстырған. Тарихымыздың ажырамас бөлігіне айналған бұл өсімдікті ақын Фариза Оңғарсынова да қатты қадір тұтқан. Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов ағамыз қиын кездерде халық құмаршықпен жан сақтағанын, ұжымшарларға оны дайындау жөнінде жоспар да берілгенін еске алды. Сондықтан, бұл өсімдікті жас ұрпақтың арасында кеңінен насихаттау үшін, Еңбекші ауылдық округінің Кетенің ақ төбесі учаскесінде Құмаршық орталығының лентасын қию рәсімі өтті.
Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса: – Осы бір үлкен ғимаратқа Құмаршық атауының берілуі тарихымызды ұлығылау бағытында жасалған жұмыстардың бір парасы деп есептейміз. Жалпы бұл өсімдік жөнінде ауданымыздың Құрметті азаматы Сәрсенбай Құрманұлы жаңа айтып өткен еді. Ауданымыздың өлкетанушылары да бұл бағытта үлкен ауқамдағы жұмыстар жасап жатыр.
Оған негізгі себепкер болып, бастауында тұрған ауданымыздың абыз ақсақалы Өмірзақ Қажымғалиев ағамыз, – деп игі іске сәттілік тіледі. Орталық алдына керілген лентаны Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Өтепберген Әлімгереев, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Сәрсенбай Еңсегенов қиды.
Қанат ҒҰМАРОВ