Клуб мүшелеріне - төсбелгі

(0 Votes)

Аудан әкімдігінде «Киелі мекен, қасиетті өлке Құрманғазы» атты тарихи-шежірелік кітапты жинақтауға үлес қосқан авторларға Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан ашылған «Өренді өлкетанушылар» клубының атынан «Өлкетанушы» төсбелгісі табысталды.

Cалтанатты шараны аудан әкімі Қайрат Нұртаев ашып, танымдық мағынасы зор, ұрпаққа берер ұлағаты мол кітапты жинақтау оңайға түспегенін айтып, авторларына ризашылығын білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев: – «Өренді өлкетанушылар» клубының негізгі мақсаты өзімізді тану. Бірінші мәселе туған жердің тарихын тереңірек білу, ауданымыз қашан құрылды, біз кімбіз деген сұраққа жауап беру. Осыны анықтау. Екінші мәселеміз – өскелең ұрпақты осы жолда тәрбиелеу, бабаларға құрмет, ардақтыларға ізет жасауға үйрету. Өз қызметімізде саясатқа, билікке, әкімшіліктің жұмысына араласпаймыз, коммерциядан он шақырым қашық жүреміз. Қазір тобымыздың құрамында 25 мүшесі бар. Клубқа қалай мүше болды дегенге тоқталсақ, олардың бәрі де «Киелі мекен, қасиетті өлке Құрманғазы» кітабына кем дегенде екі мақала ұсынуы немесе ғылыми журналдарға жариялауы керек. Ғылыми мақала дегенде олар энциклопедиялардан, атап айтсақ «Қырымның қырық батыры», «Он ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», деген кітаптардан басқа да шежірелерден алып жазуы қажет. Мүшелікке қабылдау үшін кепілдемені республикалық үздік өлкетанушы береді,- деп кітаптың шығуына көрсеткен қолдауы үшін клубтың құрметті төрағасы, аудан әкімі Қайрат Талапұлына ризашылығын білдірді. Алғашқыда аудандық болып құрылғанымен, енді облыстық деп танылып, басқа да аудандардан бір-екі адамнан мүшелікке қабылдау ұсынылып отырғанын жеткізді. Одан әрі аудан әкімі Қ.Нұртаевқа клуб мүшесі мен «Өлкетанушы» деген төсбелгі табыстады.

Келесі кезекте аудан әкімі Қайрат Талапұлы аталған төсбелгіні Өмірзақ Қажымғалиев, Жұмақай Ғұмаров,Таңатар Дәрелұлы, Нұрлығайын Нұғыманов, Асқар Ғұмаров, Ғаділхан Қалиев, Орынғали Құмарғалиев,Сағынжан Рахимов, Жеңіс Әбілқайыров, Ержан Ғайнетов, Өтежан Дайынов, Шафхат Мұфтахов, Сабыржан Сұлтанов, Зайр Хидуллин, Алтынай Хафизова, Ізтұрған Адиятов, Зейнетолла Ақпанов, Нариманбек Шолтыров, Қуандық Садихов, Руслан Сәуменов, Еркеғали Таяшов, Ғалымжан Мұқашев, Біржан Кенжебаев, Асқар Сатыбалдиевке табыс етті. Бұл адамдардың кейбірі шараға түрлі себептермен қатыса алмай қалды.

Шара барысында «Өренді өлкетанушылар» клубының алдағы жұмыс барысы талқыланып, жаңа кітаптың тұсаукесері 28 қазанда өтеді деп жоспарланды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521