Құлдықтың құрбаны болмаңыз!

(0 Votes)

Адам өміріндегі әділетсіздіктің ең ауыры – басыңның саудаға түсуі.  Құдайдың бір жаратылысын екіншісі басынып, құлдыққа салып, саудалап жатса одан асқан ақырет, азап бар ма?

Адамды еркінен тыс мәжбүрлеп құлдыққа сату, тұтқында ұстау, қара жұмысқа жегі, зат секілді сата салу дамыған мемлекеттердің өзінде әлі күшін жойған жоқ. Өкініштісі, бұл жауыздық Қазақстанға да қатысты болып отыр. Адам саудасы – бүгінде тоқтамай тұрған қылмыстың бірі. Жыныстық қатынасқа, мәжбүрлі еңбекке, қарыздық құлдыққа, қайыршылыққа, қару-жарақ құрылымдарына адамдарды күштеп пайдалану – мұның барлығы бір қылмыстың жантүршігерлік формалары. Құл саудасының барлық түріне бас бостандығынан заңсыз айыру, зорлық-зомбылық пен қорқыту тән.

Әр нәрсенің өзіндік тарихы бар десек, адам саудасының да тарихы әріде жатыр. Құл иелену үрдісі алғашқы қауымдық құрылыс аяқталғаннан кейін басталған. Соғыста қолға түскен тұтқындар құлдықтың қамытын киетін. Құл деген атаудың өзі бағыныштылықты білдіреді емес пе? Сол үшін ондай жанда өз құқығы болмаған. Олар тек берген тапсырманы орындауға ғана тиіс болатын. Құлдық әлемнің барлық жерінде болды. Мәселен, оның классикалық үлгісі ретінде ежелгі Вавилон, Мысыр, Грекия, Римді айтуға болады. Құл иеленушіліктің бертін келе кең қанат жайған кезінің бірі – Американың ашылуы, плантация мен құрылыс басында пайда болған жұмыс күшіне қажеттіліктен кейін өріс алған. Қазірдің өзінде мұндай жағдайлар көптеп кезігеді. Үйінен шыққанның кері оралмауы, мүлдем із-түссіз жоғалу, тіпті 10, 20, 50 жылдан соң үйіне қайта оралу сияқты оқуиғалар жетіп артылады. Бейресми деректерде әлемдегі үшінші ірі заңсыз бизнеске адам саудасы жататыны айтылады. Болжам бойынша оның жылдық тауар айналымы 10-15 млрд. АҚШ долларын құрайды. Әрине, бұл – болжам ғана. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, жаһандық адам саудасының көпшілігі Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада, Шығыс Азияда орын алады екен. Адамдық қасиеттен ада болғандардың кәсібі құрбандық таңдамайды. Бұл қатарда жас та, жасамыс та, ері де, әйелі де бар. Тіпті дүниеге келе сала саудаға түсіп жатқан сәбилер де бар. Адам саудасы құрбандарының 70 процентін нәзік жандылар құраса, құрбандардың үштен бірі – балалар. Мәселен, әйелдерді тән саудасы үшін құлдықта ұстаса, ер азаматтарды жұмыс күші ретінде пайдаланады. Ал сәбилерді ағзасын пайдалану сынды түрлі мақсатта пайдаланады.

Қазақстандағы ахуал қандай? Strategy2050.kz ақпараттық сайты адам саудасына байланысты көп дерек жазған. «Әлемде және Қазақстанда адам саудасына қатысты кең тараған сала – жезөкшелік, яғни жезөкшелікке түсетін әйелдер шет мемлекеттерге, әсіресе, Ресей, Түркия және Сауд Арабиясы сынды елдерге тасымалданады. Туризм, жұмыс істеу мақсатында шет мемлекеттерге барып, сол жерден құлдыққа түсетін отандастарымыз аз емес. Бұл аталған елдерге Қазақстан азаматтары үшін визалық жеңілдіктердің болуымен де байланысты» дейді сонда жазылған мақалада.

Көршілес Орталық Азия елдерінен, яғни Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келіп, тәнін саудалайтын әйелдердің саны азаймай отыр екен. Аталмыш мемлекеттерден Қазақстанға құрылыс, ауыл шаруашылығы және сауда-саттық саласында еңбек етуге келіп, құлдыққа ұшырап жататын ер азаматтар да бар. Бұл да сол елдердегі экономикалық жағдайдың әсері болса керек. Адам саудасы фактілерінің көші-қон үдерістерімен бірге өсетінін мониторинг жұмыстары дәлелдейді.

Бұдан бөлек ел ішінде де адам саудасына түсіп жатқандар аз емес. Мысалы, өз азаматтарымыз шалғай ауылда мал бақтырып немесе Астана, Алматы қалаларына нәпақа табуға барған кезде құлдыққа түсіреді. Сол себепті, жұмыс іздеп шыққанда күдікті, сенімсіз адамдардан сақ болу қажет. Дінімізде «кісі ақысын жемеңдер» дейд. Бейкүнә жандардың көз жасынан пайда тапқысы келгендердің талайы ажал құшып жатса да одан сабақ алмайтындар аз емес.  Сол себепті ондайлардың қармағына түсушілердің санын азайту үшін бұл бағыттағы ақпараттық жұмыстарды күшейткен артық етпейді.          

Айнагүл Шакупова                                    

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT