Республика күніне орай жазғы демалыс алаңында Ту көтеру мерекелік шарасы өтті.
Егемендіктің игі шарасына табиғатта ортақтасқандай. Қоңыр күздің жаймашуақ аспанында ақша бұлттар қалқып, күн сәулесін елжірей төгіп тұрды. Алаңға жиналған адамдардың да көңілдері көтеріңкі. Қолдарында аспан түстес жалаушалар желбірейді. Ұлттық киіммен келгендер де бар. Мерекелік шара Ту көтерумен басталды. Көк байрағымыз желмен желбіреп, асқақтай көтеріліп, Әнұранымыз алаңда шарықтап, қолын жүрек тұсына қойған қатысушылар оған қосыла кетті.
Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы сахна төріне қойылған мінберге көтеріліп:
– Ең алдымен баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі Ту көтеру рәсімінің тарихи мән-маңызы ерекше. Көк туымыз Тәуелсіз республикамыздың ең басты рәмізі. Қазақстандықтар үшін азаттықтың асыл байрағының орны бөлек. Елге сын сағаттар төнген кезде ата-бабаларымыз бір байрақтың астына бірігіп тұтастық танытқан. Болашақ жастарымыз бабалар ерлігіне кір келтірмей Тәуелсіз елдің – Қазақстанның туын биік ұстасын дейміз. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, кәсіптеріңізге бақ-береке тілеймін, – деді.
Шарада аудан өнерпаздары Қадыржан Қапсихов, Гүлзада Жұмалиева, Ермек Айсин патриоттық рухтағы әсем әндер орындады.
Қанат ҒҰМАРОВ