Жаратылыстың жұмбағы көп. Қара жердің қадірін білсін деді ме екен? Көкпеңбек етіп көк мұзды жаратыпты.
Табаныңның қанша бүрі болса да мұздан тайғанамауға кепілдігің жоқ. Мұз деген шу асау. Қалай да сені алып жығады. Бір күні болмаса бір күні.
Ай-пайыңа қаратпайды.
Сақтығыңды да ұрмайды ол. Ал коньки деген құдыретке мініп үйреніп пе едің әлгі тайғанақ көк мұзың аяғыңның астында жіп-жіңішке аппақ із сыздырып, өзіңізді алға оздырып, жандүниеңізді мәз қылады. Сол сәтте сен ересек адам бала болып кеткеніңді байқамай да қаласың. Қолыңа хоккейдің таяғын ұстасаң тіпті қызық. Мұздың үстін шышбайлап конькилер сызған хоккей бәсекесі басталады да кетеді...
Кеше баяғы сол мұз айдынындағы керемет бәсеке-жарыс биыл тағы өтеді дегенді құлағым шалды.Қайда да хоккей майданы оны айналып өтпейтін елгезек те әмбебап спортшы Жандос інім Бектемиров айтып жіберіпті қызымнан сол жаңалықты...
Шаронның ауылдан жылжып асып Шестойға қарай өтетін тұсында қызылды-көкті, жасылды-сарылы хоккейшілер тобынан көз тұнады. Жарыс басталып, жанкүйер қауымның қошемет айғайы қыза бастаған кез екен. Аудан спортының жетекшісі Алмасты көріп үлгердім. Оны енді бір айналғаныңда қасыңнан таба алмайсың.Құдды бір сынап дерсің.Сусып ұстатпайтын.
Бірақ оның басқашаға жәйі жоқ.
Көп жылғы ұйымдастыру ісіндегі бойына біткен әдістемелік тәсілі бұл. Былайғыда қимылына көз ілеспейтін жүйрік спортшы жарыс сәтінде тіптен қолды-аяққа тұрмайды.
"Жүлделерді әкеліп қояйын" дегенін ғана естіп үлгердім. Сосын ғайып болды қасымнан.
Жандос інімнің дыбыс ұлғайытқыштағы таныс дауысы мен әдемі комментарийіне құлақ түремін.Жанкүйерге жасап жатқан жеңілдігі бұнысы.Мұз айдынында болғанның бәрін қаз-қалпынан өзгертпей айналаны жаңғыртып айтып үлгереді. Арасына зілсіз әзілін де қыстырады, ара-арасында жанкүйер жүрегінің қылын тербеткен тамаша ән-күйін қосып- қосып алады...
Ардагерлер мен жастар ойнап жатыр.Мен байырғы хоккейшілердің таныс сұлбаларын көзбен іздеймін. Амантай Меңдіәлиев (60-тан асқан ардагер әлі баяғы қалпында), Арман Мұханәлиев, Жігер Мұқашев, Асқар Уахитов, Есбол Ермекұлы, Айбек Шәждекеев т.т. басқа біразы конкилеріне мінген. Бұлар баяғыда Астраханға барып өздерін менсінбегендерді тасталқан қылып ұтқандар. Астрахан мэрінің кубогін төбелеріне көтергендер...
Не деген мұқалмас қайрат, сарқылмас жігер десеңші!..
Жүректерінде намыс оты алаулаған осы азаматтардың алдында басыңды игің келеді...
Жанкүйерлер арасынан да біраз таныстарымды таптым. Аудан әкімі Абат Жанғалиев те осында екен.Елдің түлегі ғой неғылса да спортымыз болсын,басқасы болсын өз мүмкіндігі алғанынша басы-қасында жүруді қалайтын сияқты жүрегі. Спортшылығы да құр болмас деген ойымның дәл үстінен түскендей ғып: "Ресми жарыстар біткен бойда, өзіміз де конькиге мініп қан таратып жарысып алмақпыз"деді ол жанары шуақтанып. Әкімнің осы бір сөзі аса жағымды әсер сыйлады маған. Спорт ардагері ретіне жүрегіме жылы қабылдадым оны "Спортпен айналыс"деп сан рет қақсағаннан"осылай жаса деп" бір рет көрсеткенің мың артық менің ойымша...
2019 жылы спорт саласынан бүкілқазақстандық байрақты ұтып алып,айды аспанға шығарғанымыз бар еді ғой."Біздің қолымыздан бәрі келеді,бәрі жақсы болуға тиіс"деген оптимистік тілек-арман ой-санада содан бері әлі жаңғырады. Арман деген адам баласынан бір табан қалмайды да мұқалмайды екен... Сенім де біздің көптегі серігіміз.
Сенім болған жерде күмәннің орны төменде...
Демек шүкірміз!

Мадат Сәрсекеев