Күй көгіндегі жұлдыз

(0 Votes)

Ұлттық домбыра күніне орай аудандық орталық кітапханада қазақ музыка мәдениетінің көрнекті өкілі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, көзі тірісінде екінші Дина атанған дарынды домбырашы, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның профессоры, киелі Қошашалақ өңірінің тумасы Бақыт Қарабалинаның шығармашылығына арналған «Жұлдыздай аққан  күй-ғұмыр» атты әдеби-сазды қонақжай шарасы өтті.

Кеш Бақыт Тоқсанбайқызының өмірі мен өнерін қамтитын бейнекөрсетіліммен ашылып, «Домбыра – асыл мұра» тақырыбындағы кітап көрмесіне шолумен жалғасты. Орталық кітапхананың оқырмандарды қамту бөлімі меңгерушісі Людмила Рахметова  күй өнері жұлдызының өмір және еңбек жолдарымен таныстырды. Мазмұнды шарада Б.Қарабалинаның домбырашылық жолын жалғастырушы кейінгі толқын ізбасарларының шағын концертіне кезек берілді. Дәулеткерей атындағы балалар музыка мектебі домбыра пәнінің педагогы Нұрмейрам Ихласова Т.Тоқжановтың «Көшпенділер», Д.Нұрпейісов атындағы өнер мектебінің ұстазы Нұргүл Мусина Құрманғазының «Балқаймақ» күйлерін нақышына келтіре орындап шараның шырайын аша түсті. Сонымен бірге, жастығына қарамай домбырашылық шеберлігімен көпке танылып үлгерген Ерболат Хайроллаев Динаның «Бұлбұлын» тарту етсе, өнер өлкесіне алғашқы қадамын жасап жүрген Нұрасыл Қуандық белгілі күйші Ә.Желдібаевтың әйгілі «Еркесылқымымен» көтеріңкі көңіл күйге бөледі.

Шараны қорытындылаған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы елімізде шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін ұлттық домбыра күнінің мән-маңызына тоқталып, бұл қазақтың қара домбырасы сияқты құндылығымызға ғана емес, ұлттық болмысымызға, төл мәдениетімізге, өнер адамдарына да құрмет екенін атап өтті.

Айбек ӘНУАРҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT