Аудандық орталықтандырылған кітапханада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтетін жалпы республикалық «KitapTime – 2025» кітап фестивалі биыл ерекше форматта жалғасын тапты. Бұл бастама еліміздің түкпір-түкпіріндегі кітапханаларда кең көлемде аталып өтіп, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға зор серпін беруде.
Фестиваль аясында оқырмандар үшін түрлі мазмұнды бағдарламалар ұсынылды. «Кітап – рухани қазына» атты 100 кітап көрмесі, «Жас ақындар алаңы», «Кітапханалық квиз» секілді танымдық ойындар, «Әсемірете» атты жылдар бойғы бұйымдар көрмесі, «BookFace Challenge», «Буккроссинг» бұрыштары оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған арнайы кітап көрмесі де тамашаланды.
Жас ақындар өздерінің жүрекжарды жырларын оқып, поэзия әлеміне саяхат жасады. Ғазиз Азамат "Күз", Мархат Ғұмарова Қалқаман Саридің "Ана", Меңдігүл Мұхамбетова Күлаш Ахметованың "Керек екен бір адам" атты өлеңдерін оқып, жиналған жұртшылыққа шабыт сыйлады.
«KitapTime – 2025» республикалық фестивалі – тек кітап мерекесі ғана емес, рухани байлықтың, ұлттық құндылықтың салтанат құрған айрықша күні болды.
Жалғауова Ақбота