Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында түркі жұртына ортақ Наурыз мейрамын бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылық ретінде жаңаша бағытта тойлауды ұсыныс еткен болатын.
Соған сай мазмұнды атаулармен Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың апталығы белгіленді. 17 наурыз – Тарихқа тағзым күніне орай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі тағылымы мол шара ұйымдастырды. Оған аузы дуалы ақсақалдар, ақ жаулықты аналар, кітапхана ардагерлері мен белсенді оқырмандары құрметпен шақырылды. Сыйлы қонақтар ақ дастарханға жайғасқан соң аттаған жылда ақ мол болсын деген ниетпен наурыз көже ұсынылды.
Шараның алғысөзінде аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің меңгерушісі Анар Мусина құттықтау тілегін арнап, қош келдіңін білдірді. Кітапханадағы керемет кеште Наурыз мейрамының мән-маңызы айтылып, салт-дәстүрге қатысты шағын қойылымдар қойылды. Қимай, әсіп, қарын бүрме, жаппа қуырдақ, қызыл ірімшік сияқты қазақтың ұмытыла бастаған тағам түрлерінің дайындалу әдісі жадыға түсіріліп, тіл үйірер дәмін татып көру мүмкіндігін де жасалды. Әнші-күйшілердің өнерлері тамашаланып, дастархан басындағылардан қонақкәде сұралынды. Тағылымды шарада тілектерге кезек беріліп, ақ бата тәмамдалды.
Айбек НӘЖІМОВ