Кітап – жан құндылығы

(0 Votes)

Аудандық білім бөлімінің ұйымдастырумен мектеп мұғалімдері, оқушылар және олардың ата-аналары «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында рухани құндылықты дәріптеу, насихаттау мақсатында алғаш рет «Кітап – жан құндылығы» тақырыбындағы рухани алаңда бас қосты. Тағылымды шараның құрметті қонағы – ауданның бас ұстазы, білім бөлімінің басшысы,  «ҚР Білім беру ісінің үздігі» атағының иегері Құбаева Гүлфарамен диалогтық сұхбат жүргізу үшін   рухани алаң төріне шақырылды.

Шараны жүргізуші Айжамал Арыстанова алдымен оқу мәдениетінің деңгейін және олардың оқу белсенділігінің өсуін арттыру, жас ұрпақ бойында азаматтық, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, оқушылар, педагогтер және ата-аналар арасында оқуды танымал ету үшін жағдай жасауға бағытталған «Оқуға құштар мектеп» жобасының мақсатымен таныстырды.

 «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа» деп Абай атамыз айтқандай Гүлфара Өтемісқызы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі бастама етіп көтерген аталмыш жобаның аудан бойынша атқарылған істерге тоқталып өтті. Оның дәлелі ретінде мектеп кітапханаларының таныстырылымдары назарға ұсынылды.

Сұрақ-жауап ретінде өткен шара барысында кеш қонағы бүгінгі таңда жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің өз мәнінде сапалы болуы бірінші кезекте кітап оқуда, рухани баюда тұрғанын айтып өтті. Оның пікірінге, кітап – ғылым, ол бүкіл адам баласына ортақ, ол ақылдың кені. Сондықтан да жас ұрпақтың кітап оқуға құмарлығы  – өзін-өзі тануға мүмкіндік беретін ең керемет құндылық. Әр кітаптан барынша керекті нәрсені алуға болады. Әсіресе, кітапты түсіну маңыздырақ. Өйткені, кейіпкерлер, арадағы әңгімелер ұмытылуы мүмкін, бірақ оның негізгі ойы есте қалады. Кітап адам өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Кітап елді сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, мейірімділікке, төзімділікке баулиды. Ол рухани оқу құралы ретінде жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Кітапты біздің қоғамымыздың әрбір тұлғасы күнделікті тұрмысында қолданады. Одан ақыл – кеңес, тәлім – тәрбие, үлгі - өнеге алады. Кітап – біздің рухани жан азығымыз. «Кітап – ғалым, тілсіз мұғалім» деп тегін айтылмаған ғой.

Бүгінгі шара мұғалім, оқушы және ата-анаға арналғандықтан оларға оқу үшін Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты», Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітаптары ұсынылды. Диалогтық сұхбат арасында аудиторияға «Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабымен таныссыздар ма, қазақ ұлты үшін батыр Бауыржан кім?»  деген сауалдар қойылды. Сонымен бірге, Зейнеп апамыздың тәрбие берудегі ұлағатты ұстанымдары, қазіргі уақытта көп оқылатын «Кемел адам» туралы ой бөлісілді. Бейнеролик арқылы ұсынылған бала тәрбиелеуде қателіктер мен дұрыс жол таразыға салынды.

«Баланың бойында  кітап оқуға қызығушылық ерте  жастан бастап қалануға тиіс және бұл ата-анаға байланысты болады. Өйткені ата-ана - баланың өміріндегі ең басты ұстазы. Отбасы - баланың тұлғасын қалыптастырудың ортасы. Кітап – өмірдің  ең алыс және қараңғы жолдарында жарық беретін шам» деген түйін айтылды.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT