«Кітап шоу - 2023»

(0 Votes)

2023 жыл – «Түркі өркениетінің даму жылы» деп жарияланған еді. Тамыры терең түркі өркениетін жаңғырту жолында түбі бір түркі халықтарының өткен тарихы, тілі, әдебиеті мен мәдениетін насихаттау, «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру – маңызын жоймайтын іс.

Осыған орай Жаңаталап ауылдық мәдениет үйінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасының жобасы «Кітап шоу-2023» республикалық фестивалі өтті.

Бұл жоба тоғыз жыл ішінде шығармашылыққа құштар жандар үшін ауқымды әрі бірегей алаңға айналып үлгерді. Аудандық мәдениет үйінің қызметкері Елдос Құлшаров ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңін оқып, шаранын шымылдығын түрді. Алғашқы сөз алған аудандық орталық кітапхананың директоры Анар Мусина аталмыш фестивалдің негізгі мақсаттарына тоқталып, белсенді қатысушы барша қонақтарға алғысын білдірді.

Округ әкімі Сұңғат Бралиев өз сөзінде жаңадан есігін айқара ашқан мәдениет үйінде тағылымды жиындар жалғасын табатынын қаперге берді. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, ақын Таңатар Дәрелов пен Нұрлығайын Нұғыманов кітаптың адамзаттың мәңгілік ұстазы екенін тілге тиек етіп, тұрғындарды рухани мұраларды қадірлеуге шақырды.

Шараға қатысушылар «Түркі әлемінің бірлігі» инсталляциялық кітап көрмесі, «Оқырмандар қылқаламымен түркі әлемі» сурет көрмесі, «Қолөнер – сырлы өнер» шебер қолдар көрмесін тамашалады.

«Шеберлер алаңы» атты шеберлік сағаты өткізіліп, «Кітаппен өмір шуақты» буккроссингінде оқырмандар бір-бірімен кітап алмасты. «Қаламға құштарлық» авторлық кездесуінде өңір қаламгерлері Таңатар Дәрелов, Нұрлығайын Нұғыманов, Мұтиғолла Ғани, Еркеназ Қалижан жырдан шашу шашып, кітаптарын қолтаңбасын қойып, ауылдық кітапханаға, оқырмандарға табыс етті.

Сондай-ақ, «Қазақстан – түркі өркениетінің бесігі» танымдық-зияткерлік сайысы оздырылды. «Рухты жастар» және «Яссауи» тобының мүшелерінің тапқырлығы, ой ұшқырлығы сынға түсті. Нәтижесінде «Рухты жастар» тобы жеңіске жетіп, марапаттау қағазы мен ынталандыру сыйлығына ие болды.

Шараны қорытындылаған аудандық орталық кітапхана директоры Анар Нұриқызы Жаңаталап ауылдық кітапханасының меңгерушісі Жанар Бралиеваға естелік сыйлық ұсынды.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT