«Кітап – парасаттылыққа үйретеді»

(0 Votes)

Аудан әкімдігі, «Атырау адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің Құрманғазы ауданы бойынша жетекшісі, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Кітап – парасаттылыққа үйретеді» атты акция өтті.

Мақсаты – жастарды адалдыққа, адамгершілікке, рухани қазынамыз көркем әдебиетті қадірлеуге, кітапты сүйе білуге, күтіп ұстауға шақыру. Сонымен қатар кітап арқылы ұлттық сана-сезімі жоғары, рухани ойлауы терең, мәдениетті, парасатты ұрпақты тәрбиелеу. Акция екі жерде, аудандық балалар кітапханасында Абай, Әуезов орта мектептерінің оқушыларының, Абай орта мектебінің жас ұстазы Жансая Болатованың, аудандық орталықтандырылған кітапханада аудандық агроколледж студенттері мен аудандық ардагерлер кеңесінің, аудандық қоғамдық кеңес төрағаларының қатысуымен ұйымдастырылды. Аудандық балалар кітапханасында «Кітап – парасаттылыққа үйретеді» тақырыбымен өткен акцияны меңгерушісі Людмила Рахметова ашып:

– Кітап оқу – миға жасалған жаттығу. Ол арқылы дүниетанымымызды кеңейтеміз, ата-бабаларымыздың өмірімен танысамыз. Оның бізге берері өте мол деп ойлаймын. Мысалы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өз білімін тереңдету үшін кітапты көп оқып, соның арқасында бірнеше тілді меңгерді. Ал, орыстың ұлы жазушысы М.Горький болса «Мен өз бойымдағы барлық жақсылығым үшін кітапқа борыштармын», деген.

«Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», дейді Ғ.Мүсірепов. Олай болса кітап оқудан жалықпайық, - деп, сөзінің соңында шараға қатысушы журналист Қ.Ғұмаровтың шығармашылығына қысқаша тоқталып өтті. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Құрманғазы ауданы әкімінің сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі, «Атырау адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің Құрманғазы ауданы бойынша жетекшісі Қанат Ғұмаров балалық шағынан бастап кітапқа жақын болып өскенін әңгімелеп, осындай шара ұйымдастырып жатырған кітапхана ұжымы мен оған қатысып отырған кітапқұмар оқушыларға ризашылығын білдірді. Аудандық балалар кітапханасына екі кітап сыйға тартты. Кітапханашылар Меңдісұлу Меңдіханқызы «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» тақырыбындағы кітап көрмесін, Назерке Қуанышқызы «Кітапханаға кітап сыйла» атты жерлесіміз Рахат Құлжігітов тарту еткен көркем әдебиетті оқырман назарына ұсынды. Оның ішінде әлемдік деңгейдегі бестселлер Гарри Поттер туралы 7 томдық шығармалар жинағы да бар екен.

e40d2ce7-7c47-44ef-b488-6d7afb58775c

«Кітап – алтын қазына» атты сайысты кітапханашы Нұргүл Тоқтарқызы жүргізді. Тартымды өткен сайысқа оқушылар белсене қатысты. Соңында сұрақтарға тым жақсы жауап қайтарған бір топ оқушыларға кітапхана тарапынан естелік сыйлықтар табысталды. Акция аясында аудандық орталықтандырылған кітапханада өткен «Кітап – ізгілік пен парасаттылық айнасы» атты кездесу кешін кітапханашы Айгерім Күнтудаева жүргізіп, шараның мақсатына тоқталып, қатысушыларды таныстырды. Шара барысында кітапханашы Мархаба Рашова әзірлеген «Кітап – сарқылмас қазына» атты жаңадан шыққан кітаптар жайлы көрме тамашаланды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев:

– Біздің жас кезімізде кітаптар көп оқылушы еді. Олар әртүрлі мамұнда, әдеби, тарихи, жеке өмірдеректері. Оны оқығанда да бір бағдар болғаны дұрыс деп есептеймін. Мысалы, кітап оқитындардың өзі тауып және қуып оқитын болып екіге бөленеді. Тауып оқитындар қолына түскенімен шектеледі. Қуып оқитындар автор келтірген деректер бойынша іздеп, түп негізін зерттеуге тырысады. Қазір ғылыми-техникалық прогресстің жетіліп, өркениеттің дамуына байланысты адамдар компьютер мен ұялы телефондарға байланып қалды, - деп жастарды қара сөздері Темірқазық болатын Абайды оқуға, жат ағымдар жетегінде кетпеуге, Тәуелсіздікті қастерлеуге, басқа ұлттарды құрметтеуге, кітап оқуға құштар болуға, вакцина, екпе алудан бас тартпауға шақырды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, танымал журналист, бірнеше кітаптардың авторы Жұмақай Ғұмаров:

– Адамгершіліктің асыл қасиеттерін арттыратын ата-ана мен ұстазыңның тәрбиесі және одан кейін кітап. Қазақтың ғұлама жазушылары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, абыз атамыз, жерлесіміз Әбу Сәрсенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, күні кеше өмірден өткен Рахымжан Отарбаев сияқты мақтан тұтатын тұлғаларымызды оқыңыздар. Атақты қаламгер, журналистер Рахмет Иманғалиев, Тұрар Құрманғалиев, Қисым Ғұмаров, Құрыш Елемесов, Амантай Жәмелиденов, Таңатар Дәрелов, осында қатысып отырған Қанат Ғұмаров және басқа да әдебиет пен журналистикаға жазушылығымен, ақындығымен, қаламгерлігімен үлес қосып, еңбек сіңіргендердің бәрі кітап оқып жетілгендер. Бұл кітапханада орасан зор рухани байлығымыз жинақталған. Осында отырған жастарымызға айтарым кітапханамен байланыс жасап, жақсы оқу керек. Көркем әдебиеттерге енжарлық танытпай, бір мезгіл қолдарыңдағы телефондарыңды тастағандарыңыз дұрыс. Елді дамытатын, өркендететін сіздер, сондықтан білімді, білікті, парасатты болуды үйренулеріңіз керек, - деді.

«Атырау адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің аудандағы жетекшісі Қанат Зарлыханұлы алғаш рет кітап оқуды «Тотықұс» деген ертегімен бастағанын, кейін ол қазақтың және әлемнің белгілі жазушыларының шығармаларына жалғасқанын әңгімеледі. Кітаптың оқырманға, болашақта қаламгер болғысы келетін жастарға берері мол екеніне тоқталды. Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің әншісі Толыбай Қажыгереев домбырамен ән орындады. Кездесуді аудандық орталық кітапхананың меңгерушісі Гүлнар Нұрғалиева қорытындылап, ардагер ағаларға естелік сыйлықтарын ұсынды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT