Кітап болып қайта оралған қайраткер

(0 Votes)

Кез-келген адамның артында қалдырған ісі - оның бар ғұмырының бағдаршамы іспетті.

Жасындай жарқ етіп, өмірден өте шыққанымен, артына ұлағаты мол іс қалдырып, есімі жадыларда жатталып қалғандар қаншама. Соның бірі де бірегейі - Атырау облысына белгілі өнер қайраткері, ерекше талантты әртіс, туған жердің төл перзенті Хаттар Дүйсемалиев еді. Әнші, композитор, сықақшы, конферансье, журналист, фотокорреспондент атанған таудай тұлғаның өлке мәдениетіне сіңірген еңбегі зор.

​Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында бір басында түрлі өнер тоғысқан телегей дарын иесінің туғанына 95 жыл, дүиеден өткеніне  35 жыл толуына арналған  «Хаттар Дүйсемалиевтің музыкалық мұрасы» атты кітабының тұсаукесер кеші С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Облыстық «Atyrau» телеарнасы әзірлеген «Дала даналығы» атты бағдарлама көгілдір экраннан көрсетіліп, шара шымылдығы Хаттар Дүйсемәліұлының «Алтын қорда» сақталған, өз даусымен айтылған, халық әні  «Желкілдекпен» ашылды.

kitap-bolyp-ajta-oralan-ajratker2

​Аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев құрманғазылықтарды өлкеміздің мақтанышы Хаттар ағамыз туралы кітаптың жарық көруімен құттықтап, «Өнертану» ғылымдарының кандидаты, музыкатанушы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, кітап редакторы Бақыт Жолдыбайқызына аудан әкімі Марат Мурзиевтың Алғыс хатын табыстап, иығына оюлы камзол мен ақ орамал жапты. Бақыт Жолдыбайқызы кітапқа құнды материалдар жинақтауға атсалысқан мәдениет қайраткері Елемес Мағазов, Әбдукарим Хаттарұлына, материалдық қолдау көрсеткен Анар Мусина бастаған С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі ұжымына ерекше алғысын білдірді.

kitap-bolyp-ajta-oralan-ajratker

Аудандық мәдениет үйінің әдіскері Гүлбақыт Ермұратқызы бірлескен еңбектің жемісі – аталмыш кітаптың таныстырылымын жасады. Жалпы 102 бетті қамтитын көмекші оқу құралы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Ғылыми кеңесінің ұсынысы нәтижесінде ағымдағы жылы  Алматы қаласындағы «Service press» баспаханасынан басылып шықты. Мазмұны төрт бөлімнен тұрады: кіріспе бөлім, ноталар, мақалалар мен естеліктер және соңғы екі бетінде кітаптың жалпы түйіндемесінің орыс және ағылшын тіліндегі нұсқалары берілген. Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов өзінің «Талант иелері бусанып келеді» мақаласында: «Жас талапкер өз шығармаларының алуан түрлі тақырыптарда болуын  ескертіп, махаббат төңірегінде қалып қоймай, жағымсыз мінезді жастарды сықақ еткен өлеңдерге де ән шығарған» деп сол кездегі бозбала Хаттардың шығармашылық жолын жоғары бағалаған. Мемлекеттік Гимн авторларының бірі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұмекен Нәжімеденов өзінің «Кішкентай» романына  Хаттар бейнесін Саттар Сейсемалиев атты  кейіпкерімен сипаттап, Дүйсемәлиевке өз қолымен романды сыйға тартқан. Хаттар Дүйсемәлиев жайлы бірсыпыра естелік жазбалар қалдырғандардың қатарында Өтепберген Әлімгереев, Елемес Мағазов, Аманкелді Шамғонов, Зәкір Асабаев, Қабиболла Сыдиықов, Нәсіпқали Төлегенов, Сәтім Әжікен, Қайыржан Махмұтов, Құрманияз Мұхтарұлы сынды көзін-көрген аға інілері де бар.

​Қазақстанның Құрметті журналисті, бірнеше жыр кітаптарының авторы Таңатар Дәрелұлы мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері Талапқали Сұлтанмұратұлы жалпы өнер сүйер қауымға арналған кітаптың тұсауын кесіп, өнер майталманы жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, «шығармаларын насихаттау кең көлемде жалғасын тапса, өзі туған бұрынғы Ботақан ауылынан есіміне көше берілсе» деген ой-пікірлерін жеткізді. Кітаптың негізгі кейіпкерінің ағайындары атынан Құрманияз Мұхтарұлы сөз алды.

​Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «музыка және өнер» кафедрасының аға оқытушылары, студенттері және аудан өнерпаздары ұлттық өнеріміздің айтулы өкілінің теңдессіз шығармаларын жүрекке жеткізе орындады.
 

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521