Ресейде өтетін халықаралық телевизиялық концертке шақырту алған Көптоғай ауылдық округіне қарасты С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектептің 3 сынып оқушысы сегіз жасар Мәриям Ишанғалиева жақын күндері ресейлік подиумды бағындыратын болады.
19 сәуірде Красногорск қаласының «Vegas City Hall» концерттік залында «Music Box Gold» арнасындағы танымал әндердің бірінші фестивалі өтеді. Сахнада атақты ресейлік жұлдыздар Анита Цой, Лариса Долина, Денис Клявер, Брендон Стоун, тағы басқалары өнер көрсетеді. Одан басқа концерттен кейін сән дефилесін ұйымдастыру жоспарлануда. Оған Қытай, Әзірбайжан, Армения, Түркия, БАӘ, Африка, Куба және Ресей елдерінің арулары қатысқалы отыр. Аталмыш іс-шараға Қазақстанды таныту үшін Көптоғай ауылының тұрғыны, жас модель Мәриям Ишанғалиева шақырту алған. Бұған дейін Мәриям қызымыз Сочиде өткен «Супермодель-2021» дүниежүзілік сұлулық байқауының бас жүлдесін иемденген болатын. Ол бос уақытында би үйірмесіне қатысады, облыстық, республикалық түрлі байқаулардың жеңімпазы. Арманы – Оңтүстік Кореяда жоғары білім алып, дәрігер болу. Мәриямға ақ жол тілей отырып, елді сүйіншілейтін жағымды жаңалықтарымен қуантсын дегіміз келеді.
Айнагүл Шакупова