Кінәліге кешірілмес жаза бар

(0 Votes)

Осы Алматым жатты тепкен тектілік,

Қазақ-намыс көк бөрідей кетті ұлып.

Оңбағанның жағасында қол кетер,

Бүлдіргенге қала алмаймын шет тұрып.

 

Қаңғып келген көшесінен үзбе гүл.

Үзген болсаң тиіскенің бізге бұл.

Алматым бұл жай қала емес, аруақ,

Атой салған желтоқсанда қыз бен ұл.

 

Талап қойып, жағдай түзер сен емес,

Ойыңа не келсе істейтін жер емес.

Арандатып тентек пенен теліні,

Қаламызды бүлдіріпсің керемет.

 

Алматым ғой, жас толқынның жарасы,

Піскен әбден қазағымның санасы.

Қайтіп ғана қиратуға дәт жетті,

Көркі тұрса Алатаумен таласып.

 

Деп ойлама, қорғайтұғын жоқ ұлдар,

Күнің үшін тентіреген тобырлар.

Қираттың ба, қол-аяғың өтеуге,

Жарамайды, жарым ақыл содырлар.

 

Зерделіге айқара ашық есігі,

Сонау жылы мен де жеткем кешігіп.

Уыз түні гүл мен баққа оранған,

Бұл Алматы махаббаттың бесігі.

 

Не бір ойшыл, ғұламалар түледі,

Алматысын күллі қазақ біледі.

Сұлулықтың бетін осып ойсыздар,

Ақындардың көп ауырттың жүрегін.

 

Қараулардан күні ертең ақ тазарар,

Бүгін ойдан арылмайтын маза бар.

Ару қалам ажарыңа дақ түссе,

Кінәліге кешірілмес жаза бар.

                                                         7.I.2022

 

                                                     Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521