Аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнар Хасанова үкіметтік емес ұйымдардың басшыларын қабылдап, келелі әңгіме құрды. Қабылдау барысында оларды қолдауға қатысты бірқатар мәселелер қозғалып, пікір талқысына салынды.
Өз сөзінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнар Әдебиетқызы: – Аудан бойынша ҮЕҰ-дар тізімінде 9 ұйым бар. Бірақ, жұмыс жасап тұрғандары аз. Бізде «Нұртамшы» балалар қоғамдық бірлестігі, «Мейірім-Шапағат» қоғамдық қайырымдылық қоры, «Әбу Сәрсенбаев» қоғамдық қоры, «Атырау облысы Құрманғазы аудандық Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамы» қоғамдық бірлестігі, осы төрт ұйым 3-5 жылға өздерінің қаулылары бойынша жұмыстарын тоқтатып қойған. ҮЕҰ болғаннан кейін қазіргі қоғамға сіздердің қолдауларыңыз өте қажет. Әсіресе, бала тәрбиесі, бюджет арқылы жасалатын жұмыстарда сіздердің белсенділіктеріңіз маңызды рөл атқарады. Сондықтан, аудан әкімдігі тарапынан жаңа бастамаларыңызға қолдау көрсетуге дайынбыз. Өткен жолы кездескенде өз идеяларыңызды айттыңыздар. Оның ішіне ат спортын дамыту да кірген. Бәрі де ескеріледі. Сіздерге психолог пен заңгер ұстауды 2023 жылдың бюджетіне енгізіп қойдық. Қазір ғимарат жағы шешілу үстінде. Облыста өткен жиналыстарда оны мемлекеттік тапсырыс арқылы ҮЕҰ-мен үйлестіруге ұсыныс болды. Осындай жұмыстар жоспарымызда бар. Қоғамдық орындарда мейілінше мол кездесулер өткізгендеріңіз жөн. Себебі, кездескен қиындықтарды жеңіп, жұмыстарыңызды жүзеге асырып отырсыздар, - деп ҰЕҰ-мен кездесіп, олардың тәжірибелерін тарату, қатарын көбейту маңызды мәселе екенін атап көрсетті.
«Құрманғазы – туған жер» қоғамдық қорының басшысы Азамат Абдоллаев: – Жұмыс жасауға ыңғайлы ғимарат берілсе деген ұсынысымды ортаға салғым келеді. Бізде өзіміздің жоспарларымыз бар. Ертең демеуші тапқан кезімізде олар бізден ғимарат бар-жоғын сұрайды. Сонда: «Әкімдікке айтып едік, шешілгелі жатыр», десек, бас тартуы, басқаша қарауы мүмкін. Мысалы, ауданымызда бұрынғы мұрағат сияқты кейбір ғимараттар бос тұр, - деді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Г.Хасанова ол ғимарат Құрманғазы ауылдық округінің теңгерімінде екенін, ардагерлер ұйымы, мүгедектер қоғамы сияқты қоғамдық ұйымдарға беріліп отырғанын айтып, Құрылысшылар ауылындағы бұрынғы Неке сарайының құжаттандыру жұмысы аяқталғанын жеткізіп, жол үстінде болғаннан кейін сол ыңғайлы екенін алға тартты.
«Атырау облысы Құрманғазы аудандық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 700-ге жуық мүгедектерге қызмет көрсетеді. Осал топтарға іс тігуді тегін үйретуде. Бірлестік басшысы Гүлсара Қайырленова: – Базарда бір дүңгіршекті жалдап отырмыз. Біз ата-аналар мен балаларды қоғамдық жұмыстарға тартып, спорттық шаралар да өткіземіз. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша біздің көмегімізбен кәсіп ашып, 1 млн. 225 мың теңгелік грантқа қол жеткізіп жатырған мүгедектер де бар. 4-5 адам жұмыс жасаймыз, ұжымымызда 2 тігінші, бір жұмысшы, бір механик еңбек етеді. Бірақ, қазіргі отырған орнымызда пандус жоқ. Мүгедек адамдарды қабылдау өте қиын. Қоларбамен келсе, әрең көтеріп шығарамыз. Себебі, бір жұмысшымыз балдақпен жүреді, екіншісінің көзі көрмейді, - деп ыңғайлы ғимарат сұрады.
Аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова аудандағы кейбір ғимараттар облыстық теңгерімнен шығарылып жатырғанын, орын босап жатса ҰЕҰ-ға бірінші кезекте хабарласатындарын жеткізді.
Қанат ҒҰМАРОВ