Туған жердің экологиясының, балықшалардың қамын жиі көтеріп, шешілуіне зор үлес қосып жүрген «Каспий-Балық» ӨК-нің атқарушы директоры Жұмажан Шакуповты сөзге тартқанымызда:
– Былтыр Теңіз ауылында бір зауытымызды іске қостық. Онда қазір 50 шақты адам жұмыс жасауда. Жаңа өзіңіз көрген, Бірлікте салынып жатқан зауыт біткеннен кейін өңделген өнімдеріміз шетелге шығады. 27 ақпан күні Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин Атырау облысында болып, барлық табиғат пайдаланушылармен кездесіп, өте күрделі мәселелер бойынша тыңдау өткізді. Экология министрі балық шаруашылығы жөнінде жақсы баяндама жасап, сөйлеген адамдар өз пікірлерін орта салды. Үкімет басшысы 1 сәуірге дейін концепция қабылдап, барлық мәселелерді шешуге уәдесін берді. Біз сол жиналыстан кейін вице-министр Нысанбаев, комитеттен Нариман іншегіміз, сенатор Сәрсенбай Еңсегеновпен Астрахань облысына бірге барып, олардың іс-тәжірибесімен таныстық. Барлық мәселелерімізді 5-6 жылдан бері көтеріп жүрген Сәрсенбай Құрманұлына балықшылар атынан ризашылығымызды білдіріп, көп рахмет айтамыз. Сол кісінің, облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлыны, аудан әкімі Қайрат Талапұлының арқасында балыққа ерте, 18 ақпанда шығып кеттік. Балықшылардың көңіл-күй жақсы. Әлі де жұмыстарымызды жалғастырып, Үкіметтен бөлінген квота, лимиттерді орындаймыз деп сендіремін. Шешімін күткен мәселеге келсек, 15-20 тонна балықпен келе жатқан кезде қараңғы түссе болды, Бірлік ауылындағы, «Ақсу-Қиғаштағы» цехтарға тапсыруға шекарашылар жібермейді. Күн шыққаннан кейін жүргізеді. Осы мәселенің шешілуін күтеміз, - деді.
Қ.ҒҰМАРОВ