Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру маңызды деп атап өткен болатын.
Осы орайда, бүгін елімізде өтіп жатқан қала және аудан әкімдерінің сайлауы – жүргізіліп жатқан саяси реформаның жалғасы деп түсінгеніміз жөн. Тағайындалатын аудан әкімдерінің орнына жергілікті халық өздерінің аймақ басшысын тікелей дауыс беру арқылы анықтайтын болады. Бұл еліміздің тарихында алғашқы рет аудан мен қалалар әкімдерінің сайлауының бастауы болмақ. Демократиялық сатылай дамудың үлкен бір қадамы деп қабылдауымыз қажет. Қазір халықтың көзқарасы өзгерді. Елімізде ашықтық, жариялық принциптері қалыптасуда. Сондықтан жергілікті тұрғындар қолынан іс келетін азаматты өздері таңдау жасайды. Өз кезегінде сайланған әкім халыққа қалтықсыз қызмет жасайды. Әкімге халық сеніп дауыс беріп сайлағаннан кейін әкімде бірлесе еңбек етуге ынталы болады және жауапкершілікпен қызмет жасайды деп сенемін.Сайлауға түсіп, сайланатын әкімдер білімді, ар-ожданы таза, адамгершілігі мол, елін, халқын шексіз сүйетін адам болуы тиіс деп ойлаймын. Бұл ретте көзі ашық, көкірегі ояу, білімді жастарда жетерлік, сондықтан елде жасалып жатырған саяси реформаларға жастардың да белсене қатысқандарын қалаймын.
2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қазір қоғамда жаңа әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары. Сондықтан саяси мемлекеттік қызметшілердің резерві құрылады, соның арқасында "қосымша кадрлар тобы" қалыптасады.Қазір кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұрған кезде мұндай қадам өте маңызды. Жоғары лауазымға ие болғысы келетіндер көп, бірақ олардың біліктілігі тиісті талапқа сай келмейді. Демек, кадр мәселесін міндетті түрде қолға алуымыз керек, сапалы мамандар тәрбиелеу қажет. Бұл ретте саяси партиялардың кадрлық әлеуетін де пайдаланған жөн» деп атап өткен болатын.
Сондықтан елде сапалы мамандардан құрылған кадр резервін қалыптастыру қазіргі уақыттың талабы. Кадр резервінің тізіміне еніп, тиісті деңгейде тәжірибе жинақтап, біліктіліктерін шыңдап, дайын болған сапалы мамандарды кадр резервінен алып елде болып жатырған саяси реформаларға, елдің басқару ісіне араластыру қажет. Бұл атқарылатын жұмыс тиісті деңгейде өз жемісін берері сөзсіз.
Зәмзагүл Карсакова,
облыстық мәслихат депутаты