Бөкейхан ауылдық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрлыбек Сәрсенғалиевтің қол астында жаттығатын жас кикбоксшылар шеберліктерін шыңдай түсіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Алысқа ат арытып барған жарыстарынан жүлдесіз қайтып көрген емес.
Жақында Павлодар қаласында 2006-2007, 2008-2009, 2010-2011 жылы туған жастар, жасөспірімдер және кіші жасөспірімдер арасында өткен кикбоксингтің фулл-контакт, К-1, лоу-кик жәнел айт контакт бөлімдерінен республикалық турнирінен де табысты оралды.
Жарысқа барған жеті жас спортшының үшеуі жүлде алып қайтты. Қадыр Мырза Әли атындағы мектептің оқушылары Данат Алпысұлы бірінші, Бахтияр Алпанов екінші, ал Нұрасыл Ержанұлы үшінші орындарды иемденіп, жаттықтырушының және мектептің мерейлерін үстем қылды.
Айбек ӘНУАРҰЛЫ