Кикбоксингтен облыстық турнир өтті

(0 Votes)

Аудан орталығындағы денешынықтыру және спорт кешенінде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Құрманғазы ауданның Құрметті азаматы Жаудин Абдудхамит Айбекұлының туғанына 100 жыл толуына орай 2009-2010, 2011-6012 жылдары туған жасөспірімдер арасында кикбоксингтен облыстық турнир өтті.

 Турнирге Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының, Атырау қаласының №2, №4, №5 БЖСМ-нің, Исатай ауданының, «Атырау Ақжар», «Глория кикбоксинг» клубының, Жанбай БЖСМ, Құрманғазы ауданының командалары қатысты.

Кикбоксингтен облыстық турнир ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов құттықтау сөз сөйлеп, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Атырау облысында кикбоксинг спортының негізін қалаушы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, №2 БЖСМ директоры Сүндеткерей Құбайұлы: – Құрманғазы ауданында спорттың бұл түрі жақсы дамып келеді. Осындай жарыстар үлкен деңгейде өте берсін! Спорттың кикбоксинг саласы облысымызда 1995 жылдан бастап пайда болды. Қазіргі уақытта 6 әлем чемпионымыз бар. Кикбоксинг 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына еніп жатыр. Құрманғазы ауданынан да Олимпиада чемпионы шығуына тілектеспін,– деді.

Қатысушыларға арналған ізгі тілек Атырау облысының кикбоксин федерациясының президенті Рауан Бақытжанұлы тарапынан да айтылып, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Мұқашевқа Алғыс хат табысталды. Майдангердің ұлы Талғат Жаудин турнирді ұйымдастырушылар атынан сөйлеп, Атырау облысында кикбоксинг спортының негізін қалаушы Сүндеткерей Құбайұлына шапан жапты.

Екі күнге созылған жарыс қорытындысымен Құрманғазы ауданынан Азамат Қайратов, Сұлтан Айбеков, Бексұлтан Сұлтанғалиев, Нұрасыл Ержанұлы түрлі салмақтар бойынша І орын, Бекнар Әдебиет ІІ орын иеленді. Ербол Құрмашев, Айтуған Бақтығали, Дидар Қуандық, Ербол Зинғали, Мансур Эдуардұлы, Ахмад Русланұлы ІІІ орынды еншіледі. Арсен Жаудин 54 келі салмақта чемпион атанды. Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен қымбат сыйлықтар табыс етілді.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жәнәлі Сәлімгерей жарыстың үздік төрешісі деп танылды. Атырау қаласынан келген Алішер Боран «Үздік техникасы үшін» аталымымен марапатталды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT