Киіз басу – қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнерінің бірі саналады. Күні кешеге дейін әжелеріміздің басқан киізі әр үйдің төрінде төселіп, қабырғаға ілініп тұрушы еді. Бүгінде бұл қолөнер бұйымы заман талабына сай қолданыстан шықты. Тіпті, оның жасалу әдісі де көптің көкейінде ұмыт болып келеді.
Негізінен киізді қойдың күзем жүнінен қалың, әрі тығыз етіп жасайды. Ал бетіндегі ою-өрнегіне жабағы жүні қолданылған. Құрманғазы аудандық музейінде оқушыларға арналып киіз басу өнерінен шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Оған қатысқан Мақаш ауылдық округінің тұрғыны, көне киізді кәдеге жаратып, кезінде осы өнерді көпшілікке насихаттап облыстық байқаудың лауреаты болған қолөнерші әжеміз Сағадат Сатқанқызы киіз басу техникасы, жасалу жолдары жөнінде әңгімеледі.
- Қазір киіз ұмыт болып барады. Соңғы 30-35 жыл көлемінде мүлде тұтынбайтын болдық. Бұған дейін әр отбасының төрінен табылатын қазақы төсеніш жайында бүгінгі жас ұрпақ біле бермейді. Кейінгі жылдары қойдың жүнін кәдеге жарата алмай, өртейтін болды. Киіз үйлер киізсіз қалды. Өзім 8 сыныптан бастап анамның жанында киіз басуды үйрендім.
Кейіннен әдемі алашалар тоқыдық. 1989 жылы киіз басудан өткен облыстық байқауда жүлдегер атандым, - дей келе, әжеміз киіздің бетіне жапсырылатын оюды нақышына келтіріп қиып көрсетті.
Шара қонақтары Талшын Айдынғалиқызы, Бақыт Қабиболлақызы жүн түту, ұршық иірудің қыр-сырымен таныстырды. Одан әрі музей қызметкерлері бауырсақ таратып, Наурыз көже ұсынды.
Айнагүл Шакупова