Мәди Харисов 1925 жылы 1 қаңтарда Нұржау ауылында дүниеге келген.
Осындағы Ленин мектебінде 7 сыныпқа дейін оқып, тұрмыс жағдайына байланысты еңбекке ерте араласты. Ағасы екеуі анасына ілесіп ұжымшарда жұмыс жасайды. Үлкен ағасын соғысқа шақырғанда ол да аудандық әскери комиссариатқа барып өз еркімен майданға сұранады. Алайда кәмелетке толмағаны ескеріліп, Орынбор қаласындағы әскери училищеге жіберіледі. Соғысқа 1943 жылы І Украин майданының мотоатқыштар бөлімшесі құрамында қатысып, Киев қаласын азат етеді. Қала үшін болған шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен марапатталады. Украина жерін жаудан азат етіп, жауып тұрған оқ астында Днепрден өтіп, екінші мәрте «Отан соғысы» орденін алады. Кейін «Жуков» медалімен ұлығыланып, Румыния шекарасына дейін жетеді. Бір рет барлауға шыққанда тұтқынға түсіп, онда 5 ай болады. 9 мамырды Румыния жерінде қарсылап, «Германияны жеңгені үшін» медалін кеудесіне тағады. Соғыс аяқталғаннан кейін жау тұтқынында болғандықтан сотталып Сибирдің Губаха қаласынан бір-ақ шығады. Осындағы көмір кенішінде шахтер болып еңбек етеді. Кейін Усть-Ишим ауданына ауыстырылады. Мұнда да шахтерлік қызметін жалғастырады. 1950 жылы мерзімі біткенімен үйіне қайту үшін жолына қаражат керек болғандықтан жұмыс жасауға қалады. Жергілікті жердің қызы Алима Чапароваға үйленіп, отбасын құрады. 1952 жылы қаңтарда елге, Нұржау ауылындағы анасына оралады. Анасына қартаюына байланысты зейнетақы тағайындалуына көмектеседі. «Волга біріккен өзен қатынасы» мекемесінің Астрахань бөлімшесінің Кудряшов селолық кеңесіне қарасты ММС мекемесіне жұмысқа тұрады. Осы ауылдан үй сатып алады. 1960 жылы жұмыс бабымен Котяев ауылына ауысып өзі Котяев өзен пристанының бастығы, жұбайы кассир болып қызмет атқарады. Мұнда жұмыс жасап жүргенде өзен арқылы келген халық шаруашылығына қажетті тауарлардың аудандағы қоймаларға уақытылы жетуіне, сондай-ақ өзімізде өсірілген жеміс-жидек пен көкөністің Одаққа жөнелтілуіне үлкен үлес қосты. Наурыз айында өзен бойында қатынас басталған кезден қазан айына дейін тәулік бойы жұмыс жасады. Ауданымыздағы Ақкөл ауылында Гурьев темір жол желісінің Ганюшкин стансасы ашылғаннан кейін осында қоныс аударды. Ауылдағы сумен қамту стансасына жұмысқа орналасты. Оған соғыс ардагері және көп балалалы отбасы ретінде үш бөлмелі үй беріледі.
Мәди Харисовтің еңбектегі ерлігі де елеусіз қалмады. Ол «Коммунистік еңбектің екпіндісі», «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Еңбек ардагері», сондай-ақ Жеңістің 20,25,30,35,40,45,50 жылдық мерекелік медальдарымен, басқа да түрлі марапаттармен ұлығыланды. Жұбайы Алима Харисова екеуі 5 қыз бен бір ұл тәрбиелеп өсірді. Балаларының өздеріне лайық білім алуын қамтамасыз етті.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығында соғыс пен еңбек майданында ерлік көрсетіп, кейінгі ұрпақтың қамсыз ғұмыр кешуін қамтамасыз еткен ер есімі қандай құрметке де лайық. Оларды еске алып, рухына тағзым ету кейінгі ұрпақтың қастерлі борышы болып қала бермек.
Қанат ҒҰМАРОВ