Киелі аспап дәріптелді

(0 Votes)

Биылғы 1 шілдеде алғаш рет Ұлттық домбыра күніне орай «Тәуелсіздік» алаңында «Күмбірле, күй-домбыра» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Алдымен шараға жиналған көрермендерге қазақтың ұлттық тағамдары ақ пен бауырсақ үлестірілді. Домбыра десе, алдымен күй еске түседі. Күйді халқымыз өнердің бір тармағы ғана емес, бабалардың аманаты ретінде қабылдаған. Ұлттың дүниетанымын, қатпар-қатпар тарихын, қайрат-намысын, қуаныш-мұңын өзіне жиған күй арқылы домбыра үні Ұлы Даланың үніне айналды. Жүргізушілер Б.Бидоллаев пен Г.Ермұратова алдымен шараның шымылдығы С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанындағы халық ұлт-аспаптар оркестрі дирижер А.Жаһинаның сүйемелдеуімен Құрманғазының «Серпер» күйімен ашылатынын хабарлады. Одан әрі Ж.Мәтжановтың «Тәуелсіздік таңы», Ж.Темірғалиевтің «Бақтыбайдың әуені», Абайдың «Торы жорға» күйлері күмбірледі.

Өнерпаздар Т.Қажыгереев, Р.Сәрсенова «Сәлем Қазақстан», «Сарыарқа» әндерін тамылжыта орындады. Оркестр мүшесі М.Долдашев «Ел айырылған» халық күйін төгілдірді. Домбыра күні келушілердің рухын көтеріп, көңілдерін жадыратты. Бүгінгі таңда ауданымызда ұлттық аспапты үйренуге қызығушылық білдіріп, үйірмелерге баратын балалардың саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны қуантады. Соның айқын дәлелі - мерекелік шарада Сафон ауылдық мәдениет үйі жанындағы домбырашылар , Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебі жанындағы «Балдәурен» ұлт-аспаптар, Дәулеткерей саз мектебінен құрылған «Жадыра» ансамбльдерінің ұлттық өнерді дәріптеуі болды. Жеке дауыста Т.Асқарқызы шалқыта ән шырқаса, Қ.Шынайбекова, М.Жылтыхаев, Ә.Әміржан, А.Саламат дәулескер күйшілердің күйлерін шабыттана орындап, көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді. Дирижер ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халық ағарту ісінің озық қызметкері Т.Зайнуллиннің сүйемелдеуімен киелі домбыраның үні асқақтап, рухты күйлер асқан шабытпен шертілді. Шара соңында «Ән Атырау», «Өз елім» отаншылдық әндерін аудандық өнерпаздар Қ.Хасанов, Т.Қажыгереев, Ж.Кенжеғалиев орындап, көпшілікке мерекелік көңіл–күй сыйлады.

А.ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521