Киелі мекен – күй елінің тарихы кеңестік жүйенің өткен 70 жылына байланып қалған жоқ.
Бұл ұрда-жық ұраншыл күннің әпербақан тарихы. Болған іс болды, алай-былай деп баға беру біздің еншіміздегі шаруа емес. Біздің буынға мектепте орыстың тарихын оқытты. Қазағымның асыл да алтын тарихын білмей тұрып Суздаль, Рязань, Киев княздіктерінің тарихына бас қатыру не үшін қажет еді бізге? Ең құрығанда Дала демократиясының негізін тұңғыш салушы Сырым батыр, би, шешен жайлы түк білмей тұрып «Патша Сигизмундтың баласы Шахзада Владиславты» жаттап оқуымыз жөн бе еді? Орыстың тарихымен миы шаршаған бір мен бе? Филология, тарих факультетін маңайлағандардың баршасы да ежелгі дүниесінен бастап күні кешелерге шейінгісін қамтып, аға халықтың шежіресін шетімізден судыраттық. Жоғары оқу орнына түсер сәтте өзімізше бәрін біліп барсақ та, университетте бақайшағына шейін шағып қайта оқытты. Миымызға құран сүресіндей сіңіп, әбден жатталып қалған, әлі күнге түнде ұйқыдан оятып сұрар болса, мәкі жіберер біз емес-ау, шіркін!
Дұрысында қазақ елі тек 70 жылмен шектеліп қалған жоқ еді ғой, Орхон, Енисей жазуларынан бері де, әрі сайрап жатқан жазу таңбалы ізі қайда? Қағаз түгілі, теріге жазу болмаған күннің өзінде күңіренген жақпар-жақпар тау-тастарына ұлы тарихын мәңгі өшпестей табыралап жазып, бір-ер ауыз сөзбен ұлағатын да қалдырған баба-тарих, кешір кінәсіз ұрпағыңды! Кінәсіз демей қайтейін, Кадрия тумамыз айтпақшы: «Үлкен халық едік, зар замандар кішірейтті,» сан қайтара құбылаға жүз бұра тұра, шақталғанмен, шашылғанмен тәбәрік ретінде сақталып қалдық, оған да Тәуба!
Қасықтап қан төгіп, қасқая қарсы тұрып бабалар қорғаған асыл мекеннің әр тасы күбірлеп сыр шертеді. Әр төбенің мәртебесін асырған баһадүр бабалар жатқан қайран биіктер бүгінгі ұрпағына рух-көзімен қапалана, қаһарлана қарайтындай.
Дөңгеленген дүниенің олар білмейтін сыры қалмаған қасиеттілер мен қастерлілер, елім деп еңіреген, жерім деп күңіренген біртуарлары жоқ па бұл өлкенің? Кешегі жұмырына есіміз жұтылған 70 жылдың шәйттің-гиттіңінен әрі өріс ұзартар шақ туды емес пе? Тағы да Кадрия қандасымызға жүгінсек: «Кіші халықты үлкен ететін адамдар». Кіші едік, бірақ күшік емес едік, күшік бет тарих кейінге ығыс, баба-тарихтың басына шырақ жағар кемел шақ-келісті күнмен айқұшақ қауыштық. Адамдар, өз тарихымызға зерде шаншиық, саналар мүлгіген рухтар, ел мен жер киесі деп шаршасын. «Кешегі ауданның 90 жылдығы деп жүргеніміз де кеңестік мектептің тәлімі біле білгенге. Біздің одан арғы тарихымыз жоқ па?» - деуі академик жазушы ағамыз Өмірзақ Қажымғалиұлының, көкірек-көзінің көрегендігі. Осы ағамыз «Тәуелсіз қазақ елінің қасиетті жерлері, тарихи жәдігер орындары мен аруақ алқалаған перзенттері жайында жазылған кітапта біздің мекеннен – барлы-жоқты, некен саяқ, ілуде бір.
Осы кемшіліктің орынын толтырайық, туған жеріміздің ежелгі тарихын, етсиярлары мен қасиеттілерін, қансіңді жер-су атауларын барынша иненің көзіне тізейік, күллі қазаққа мәшһүрлейтін кітап етіп шығарайық», деп ауданның қазіргі әкімі, осы елдің қара домалағы Қайрат Талапұлына қолқа салғанда, хош көргені – санасында елдік мұраттар шуақтағаны деп ұғындық.
Адам өмірге қонақ. Түн торыған жауыз да, дуалы ауыз да өз кезегі келгенде Алла аманатына айналады. Мынау бес күндік пәни жалғанға қарын қамы үшін емес, арым-жаным деп келген болсаң, осы бір сауапты да жауапты істі өзге емес, өзіміз қолға алайық деп ұранды үн тастаған - аудан абызы, академик, Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиұлы. Рухани әлемді рухтана шарлаған ағамызды тәңірі жарылқасын, Тәуелсіз ел үшін тәуекел деп бастаған ісі оңынан айналып қайтарымы көкөрім ұрпағының жолын ашсын!
Ақысыз-пұлсыз, туған жер кепиеті үшін құлша жегілетін азаматтарды Өмірзақ Қажымғалиұлы өзі тізімдеп, аудан әкімдігінде бастарын қосып, алғашқы таныстыру, жұмыс бөлісу хақында жиылыс өткізген шаң – даланы көбең қар жапқан құттың бас мезгілі шамасы. Ойдан алыстап, көмескі тартып барады. Ар-қамшысына көндікпей, тайғанақтап-тайсақтағандар – бірен-саран. Негізінен ауданның бейнетті жол – берекелі тірлігінен ләззат тұшынған сүт бетінің қаймақтары рух деп сілкінді, зерделі ізденістерімен «біздің қолдан бәрі келетінін» дәлелдеді.
Мынау «Тәжівирус» атанған беймәлім тажал ел мен жердің көне атауларын көгертуге, топырағымыздың қасиеттілерін қара шаңнан арылтып, ақ күмістей жарқырата көрсетуге бір жағынан оңды уақыт сыйлағанын айта кеткен абзал.
Тапқан-таянған ортаға салынып, кім, не тындырды сауалымен әлсін-әлсін жиналыстар өтіп тұрды, аудан мұражайында. Осыған жағдай жасап, жинақшы, белсенді, бесаспап маман ретінде өзін дәлелдеген мұражайдың қазіргі меңгерушісі Жазира Хайрошева осы жанкешті топқа құдай жіберген өкілдей өзін көрсетті.
Алқа құрылып, төрағасы аудан әкім Қайрат Талапұлы болып белгіленді. Хатшысы – осы жолдардың авторы. Энциклопедия негіздес бұл ғажайып шежіренің авторы, тізгін ұстаушысы-жазушы, идея ұсынушы – Өмірзақ Қажымғалиұлы. Қаншама кездесулер өтіп, нешеме хаттамалар толтырылды дейсің. 8-маусым күнгі алқа мәжілісінен аз-мұз таныстырылым:
1. Алғыс сөз – облыс әкімі.
2.Кіріспе – Өмірзақ Қажымғалиұлы.
3. «Бүгінгі Құрманғазы ауданы» - аудан әкімі – Қайрат Талапұлы.
4. І-тарау. «Дәуір шежіресі»:
а) Атырау тарихи-өлкетану музейі экспедициясының «Құрманғазы ауданы-Нарын өңірінде жүргізген ғылыми-барлау жұмысының нәтижелері». – Рашида Ерімқызы Харипова, облыстық мұражай директоры. 15 маусымға дейін.
б) Құрманғазы ауданының тарихи көне нысандары жөнінде. Атырау облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы деректері (Жауапты Ө.Қажымғалиев-15 маусымға дейін)
5. ІІ-тарау: «Киелі адамдар, қасеитті жерлер»:
Құрманғазы ауданының өткен ғасырларда өмір сүрген киелі адамдары. Қасиетті жер атаулары (мұрағат деректері, халық ауыз әдебиетінің аңыздары, жырлары) (Жауаптылар: Т.Дәрелов, Ж,Ғұмаров, Н.Нұғыманов. Міндет алған өлкетанушылар 15 маусымға дейін беруге міндетті)
6. ІІІ-тарау. «Сыр шертер нысандар»:
Мазарлар, ежелгі қорымдар, петроглифтер мен ескерткіштер, басқа да тарихи нысандар, фотосуреттер. (Жауаптылар:О.Құмарғалиев, Ә.Ізжанов, З.Хидуллин. Округтегі ардагерлер кеңестерінің төрағалары, 15 маусымға дейін)
7. ІV-тарау. «Тұғыр биігіндегілер»
а) ХХ-ХХІ ғасырдағы аудан өңірінде елге еңбегі сіңген киелі жандар, ісмерлер, қолөнер шеберлері, өнер дарығандар, басшылық тізгінін ұстағандар, түрлі марапат иелері. Әкімшілік, шаруашылық құрылымдар, оның жетекшілері мен ұйымдастырушыларының тізімі. (Жауапты А.Ғұмаров – 20 маусымға дейін, оның қызметін қатаң қадағалап отыру Т.Дәреловке жүктеледі, өне бойы)
б) Округтер жөнінде мәлімет ( көлемі бір беттен аспау, 15 маусымға дейін)
1.Т.Дәрелов - Мақаш, Еңбекші, Ақкөл, Қиғаш округтері.
2.Н.Нұғыманов – Орлы, Сүйіндік округтері.
3.Ж.Ғұмаров – Нұржау, Балқұдық, Жаңа талап округтері.
4.А.Қапизова – Асан округі.
5.С.Рахимов, Ө.Зиноров, Е.Ғайнетов – Дыңғызыл, Көптоғай, Шортанбай округтері.
6.Қ.Садықов, Ш.Мұфтахов – Теңіз, Бірлік округтері.
7. Н.Шолтыров – Сафон, Кудряшов, Байда округтері.
8.Қ.Жармұхамбетов, Б.Қамен – Құрманғазы ауылдық округі.
8. V-тарау «Өткенімізді зерделеп, өзімізді танушылар»
Энциклопедиялық бұл шежіре кітапты шығарушы алқа, редакциялық құрам, авторлар мен белсенділер жөніндегі ақпарат (Жауаптылар:Ө.Қажымғалиев, Н.Нұғыманов, Ж.Ғұмаров, Т.Дәрелов. 20 маусымға дейін)
Міне, осы негізді басшылыққа алған көлемді дүние бас-аяғы жинақталып, енді ғана баспа жүзін тапқалы отыр. Кеңестік жүйе қойған немесе қалмақтардан қалған емес, өз жеріміздің ата-бабалардан қалған қансіңді атаулары жарқырап жарыққа шықпақ. Аруақтар сілкініп, қасиеттілер ардақталады. Көне құлпылардағы мүк басқан жазулар сыры ашылуда. Осының бәрі-баршасын мойынға алып, төрт ай шамасы ойға тұншығып, қаламға қолы күстенген азаматтарға сауаптың – жауабы Алладан болсын, демекпіз.
Мәселен, Еңбекші округінен Ғаділхан Қалиев ағамыз тапсырма алғаннан он күн шамасы уақытта Қошалақтан бері қарайғы тарихты зерделеп тап-тұйнақтай етіп әкелді. Міне, жауапкершілік! Мақаш ауылдық округінің әкімі Болат Мұфтахов ініміз «осы біледі-ау» деген ақсақалдардың басын тез қосып, жер-су атауларын, қасиетті жандарды іле-шала жинақтауға септесті. Осы округтегі Ізтұрған Әдиятов деген азаматтың елжандылығы көзден жас шығарады. Ақкөл округінің әкімі Бисенбай Рамазанов інімізге айтар алғыс шексіз. ҚұрманғазылықСабыржан Сұлтановқа да – жарайсың! Қадырбай, Орынғали, Зайыр ағаларымызға, Нариманбек Шолтыровқа, Сағынжан Рахимовқа, Қуандық Садықовқа, Ержан Ғайнетовке, Шафхат Мұфтаховқа, Алтынай Қапизова қарындасқа ризашылық сезімді қалай жеткізерімді білмей, қиналамын. Бас-байтақтарың аман болғай! Өмекеңнің бірі оң қолы, бірі сол қолы – Нұрлығайын Нұғыманов, Жұмақай Ғұмаров азаматтар осы бір инемен құдық қазғандай қиын тірліктің кәтепті қара нарлары, бабалар сауабы – балаларыңа жеткей! Өмірзақ Қажымғалиұлы – сексеніңізде серідей серпілуді, қырандай қайта түлеуді Алла сізге нәсіп еткей!
Әуез айтпақшы: «ПМК-ға такси апарса, 10 тиының кем деп кейде тұрып алады, төрт ай бойы тегін істеу, не дерімді білмеймін». Сағынжан Рахимов аға: «Биыл курорттан қалдым...». Ержан Ғайнетов аға: «Қолыма көн қатты, 40 жыл банк басқарғанда бұлай жазбап едім». Орынғали Құмарғалиев аға: «Дәрігерге қаралатын барлық шаруа қалды».
Жауап: - Өмекең айтпақшы «қарын үшін емес, арың үшін жансебіл тірлік кештің. Өлген тіріліп, өшкен жануда, ғұмырымыздағы ең сауапты ісіміз осы!
Біздің де ата-бабамыз, ата тарихымыз барлығын ұрпаққа аманаттадық. Өз-өзімізге жүрек толып, көңіл толқиды. Тегін істеген төрт ай ұрпағымызды тегіне бастайды, көр де тұр, дәл солай болады ертең! Есімдері аталған, аталмаған елжанды азаматтарға әзірге айтар осы. Сауап – Алладан!
Таңатар Дәрелұлы,
ҚР жазушылар Одағының мүшесі