Қазақ пен домбыра – егіз ұғым.
Мәдениетіміз бен әдебиетіміз, тоқсан тараулы тарихымыз, салт-санамыз бен тұтас болмысымыз аса қадірлі аспабымыз – домбырамен астасып, үндесіп кеткені сондай, қазақ пен домбыраны бір бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Қадыр ақынның «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы да содан болса керек. Елбасының Жарлығымен «Ұлттық домбыра күні» белгіленді. 2018 жылдан бері шілде айының алғашқы жексенбісінде Қазақ елі Ұлттық домбыра күнін атап өтеді.
Кез келген мемлекеттің таным мен талғам деңгейі жайлы жалпы ой түйгізетін қуатты құралдың бірі – оның музыкасы мен сол әуенді жүректрег жеткізуші музыкалық аспабы. Әлем халықтарының мәдениет саласындағы мейрамдарын сараласақ, музыкалық аспаптарға арналған мерекелік күндер бар, олардың атаулары «халықаралық» деген мәртебемен айқындалып жатады. Мәселен, 1 қараша – «Халықаралық скрипка күні», бұл мереке 1975 жылы ЮНЕСКО қаулысымен арнайы тіркелген және заңды мәртебесі бар, сондықтан ол дүниежүзі бойынша аталып өтеді. Тап осындай аспаптарды ардақтайтын күндер виолончель, флейта, саксофон, т.б. шекті және үрмелі аспаптарға да тиесілі екен. Якутияда Сыбызғы күні ежелден тойланып келе жатыр. Ал енді әлемдік емес, мемлекеттік шеңберде, яғни бір ұлттың мерейін тасытып, мәртебесін асқақтатындай шараларға шолу жасасақ, мұндай мерекелер де бар. Атап айтсақ, Ресейде 2008 жылдың 23 маусымы «Балалайка күні» деп, 2010 жылдың 20 наурызы «Сырнай күні» деп белгіленген.
Ал біздің қазақты домбырасыз елестету қиын. Өйткені, қазақтың қазақтығын танытатын ұлттық дүниесінің бірі – домбыра. Онда халықтың арман-мұраты, болмыс-бітімі, тағдыр-талайы күмбірлеп тұр. Бұрынғы ақындарымыз, домбырасыз өлең айтпаған, киелі аспапсыз ел араламаған. Қазақтың санасын сергітіп, шаршағанын басатын домбыраның ұлттық мереке күніне арқау болғаны қуанарлық жағдай.Домбыра күнінің белгіленуі жайдан-жай емес. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі болмақ. Осы күннің аясында жыл сайын ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар көтеріліп, нәтижесінде олардың ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты болмақ. Домбырада айтылатын әр әннің сөзі қандай, сазы қандай?! Тыңдап отырғаныңда бір күрсінтіп, бір мұңайтып, мың түрлі әсерге бөлейтіні бар. Яғни, қазақ қуанышын да, қайғысын да домбыраның қос шегі мен шанағына сыйдырып, жанына жұбаныш тапқан. Домбыраның пернесінде ұлтымыздың бар тарихы мен тауқыметі, жалпы дәуір үні сайрап жатыр. Міне, әр қазақтың төрінен түспейтін домбыраның орны бәрібір бөлек. Бұл киелі аспапты біз көздің қарашығындай сақтап, оған айрықша құрмет көрсеткен абзал.
Қазақтың қара домбырасы мен күмбірлеген күйі ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне енген. Мұның өзі қазақ қадір тұтқан аспаптың құндылығын әспеттейді. Бабадан жеткен бұл өнерді өскелең ұрпақтың бойына жаппай сіңірудің маңыздылығын алға тартқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел мектептерінде домбыра пәнін енгізудің қажеттігін жеткізді.
Президент атап өткендей, бүгінде домбыра бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін теңдесі жоқ мәдени мұра саналады және рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы. Біз де Мемлекет басшысының пікірін қолдап, өскелең ұрпақ домбыраның мәртебесін, мән-мағынасын терең түсініп, қадірі мен киесін жете ұғынып өсуі қажет деп ойлаймыз.
Домбыра – біздің тарихымыз, өткеніміз ғана емес, ертеңіміз әрі болашағымыз болуы тиіс. Намысты жанитын, рухты оятатын алапат күшке ие ұлттық аспабымызды құрметтейік, ұлықтайық. Рухымыз асқақтап, ынтымағымыз жараса берсін! Домбыра күні құтты болсын!
А.Шакупова