Өңірлік кеңесте қаралған екінші мәселе ауданымызда көлікке орнатылатын «Кибер-Шериф» бағдарламалық кешенінің автокөлік жылдамдығын шектеуіне қатысты болды.
Кеңес мүшесі, «Құрманғазы СДО» АӨК басшысы Бержан Кенжебаев: – Атырауға таксиге отырып үш рет барғанымда жол бойынан «Кибер-Шериф» орнатылған көліктің екеуін екі мәрте, келесі сапарымда біреуін кездестірдім. 60 шақырымдық шектеумен қалаға дейін 5 сағат жүру қиын. Жаз күндері азық-түлік таситын кәсіпкерлердің тауарлары бұзылып кетпей ме? Ол құрал тәртіпке шақырғанымен жол апатына да ұрындыруы мүмкін. Қалаға үш рет барғанда байқағаным таксистердің қолынан телефон түспейді. Біреулермен хабарласып, алда «Кибер-Шериф» бар-жоғын сұрап алады. Оның тұсынан өткеннен соң жылдамдықты 120-160 шақырымға дейін көтереді. Айтқанға құлақ аспайды. Неге жылдамдықты сағатына 60 шақырыммен шектемей, 80 шақырым етіп қоюға болмайды? Былтыр Атырау қаласына жақындағанда осындай белгі тұрды. Кәсіпкерлер, жолаушылар және таксистер үшін сол тиімді болар еді. Таксистер де кәсіпкерлерге жатады, – деген ұсынысын ортаға салды.
Аудандық кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Насиповтың айтуынша 91 таксист жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, айыппұлдар кіріс салығы болып саналады, қай жерде ұсталса сол ауданның бюджетіне түседі.
Қатысып отырған аудандық полиция бөлімінің басшысы Найзабек Құбашев кеңеске қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға орай жауап беріп: – Атырау қаласында «Кибер-Шериф» орнатылған – 7, ауданымызда – 3 автокөлік бар. Салынып жатқан жол түгел тапсырылғанда ғана сағатына 60 шақырымдық шектеу алынып тасталады. Қазір жылдамдықты одан көтеруге болмайды. Бұл адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін сақтау мақсатында жасалып отырған шара. Өздеріңіз білесіздер жол бойында қатты жүру салдарынан қаншама жол-көлік оқиғасы орын алып, талай адам өмірден өтіп немесе мүгедек болып жатыр. Күні кеше де бір көлік «Камазға» соғылып, өртенді. Біз барар жерімізге тез жетеміз деп емес, заңдылықты сақтап, оның аясында жүруге өзімізді тәрбиелеуге тиіспіз. «Кибер-Шерифке» түссе ол автоматты түрде бірден облыстық полиция департаментінің базасына енеді. Ешкім ештеңе өзгерте алмайды, ағайыншылық жүрмейді, айыппұл төлейді. Осы құрылғы жолға шыққаннан бері жол-көлік апаты азайды. Негізінен жол ережесін бұзатындар басқа ұлт өкілдері емес, өзіміздің қазақтар. Көлік ішінде де таксистке қатты жүрмеуін ескертуіміз керек.
Тағы бір айта кететін жайт, Кадырка ауылындағы 60 пәтерлік үй жанында түнгі жарық жоқ. Жылдамдықты сағатына 40 шақырымға шектесең де қараңғы түнде жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан адамды көрмейсіздер. Облыста жолдың бойын жарықтандыру жобасын жасағанда жергілікті жердің адамдарын қатыстыру қажет. «Қазмұнайгаз» жанар-жағармай бекетінің қасы да қараңғы. Екеуінде де жол апаты болды. Кісі қағу орын алды. Осыны «Қазавтожол» мекемесі ескеруі керек, – деді.
«ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облыстық филиалы Сапаны бақылау және жұмысты қабылдау бөлімінің бас маманы Сәуле Куржуова жолдың 60 шақырымы қабылданғанын, қалған бөлігінің екінші қабаты биыл төселіп бітетінін, қазір 22 шақырым айналма жол да барын айтып, түгелдей аяқталғанда жарықтандыру мен жылдамдықты шектейтін арнайы жол белгілері қойылатынын жеткізді.
Атырау облыстық полиция департаментінің ағы лейтенанты Ақылбек Хошаев Нұржау ауылы тұсында тұрған жылдамдықты фото-бейне тіркеу құралына қатысты қойылған сұраққа жауап қайтарып: – Жолда жүру ережесіне 2024 жылы енгізілген өзгеріске сәйкес, республикалық маңызы бар жолдың біткен бөлігінде, елді мекендерден тыс жерде сағатына 110 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Одан асырса камера түсіреді. Елді мекендерде 60-70 шақырым. Бұл жол-көлік оқиғасына ұрындырмас үшін қойылып отыр, – деді.
Өңірлік кеңес отырысын оның төрағасы Есболат Құбашев қорытындылап, барлық мәселелер аудан кәсіпкерлерінің талап-тілектеріне байланысты қаралғанын қаперге берді.
Қанат ҒҰМАРОВ