ХОККЕЙШІЛЕРГЕ ЖАТТЫҒАТЫН ОРЫН ҚАЖЕТ

(2 Votes)

Жалпы шайбалы хоккей ойыны ауданымызда алғаш рет 2008 жылы қолға алынды. Оған ұйытқы болған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Алмас Мұқашев. Басында мемлекеттік қызметкерлер командасының капитаны Жандос Бектеміров тұрды.

Құрамында әр жылдары Әдебиет Ердешов, Арман Құмарғалиев, Алтай Ғилаев, Тілекқабыл Шамашев, Асқар Уахитов, Берік Жакупов, Жігер Батырғалиев, Игорь Давыденко, Әнуарбек Кенжебаев, Есбол Құбашев, Еркін Тарихов, Тілекқабыл Тұяқов, Ернар Рахметқалиұлы сынды тамаша спортшылар болды. 2010 жылы Атырау қаласы командаларымен күш сынасқан жарыста құрманғазылықтар І орыннан көрінді. А.Мұқашев, Ә.Ердешов,Т.Шамашев, Б.Жакупов, Ә. Кенжебаев сынды ойыншыларымыз «ИнтерГазЦентральная Азия» командасы құрамына алынып, мұнайшылар арасында өткізілген республикалық турнирге де қатысты. Құрманғазы ауданының құрама командасы 2010 жылы Алматыда, 2011 жылы Қостанайда өнер көрсетіп, шеберліктерін танытты. Командамыздың жеңістерін естіген көршілес Астрахань қаласы хоккейшілері 2010 жылы қала мэрінің кубогі үшін болатын жарысқа шақырды. 2011 жылы қарсыластарын ойсырата ұтып, Астрахань мэрінің жүлдесін жеңіп алды. Сол жылы аудан әкімінің бастамасымен жаңадан салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жанынан 55х30 метр хоккей алаңы тұрғызылып, 18-19 ақпан күндері халықаралық турнирге қатысушыларды қабылдады. Бұл турнирге алыстан ат арытып талай сайыстарда қарсыластарын шақ келтірмеген «ҚазМұнайГазБурение», «Фантом» (Атырау), «Легион» мен «Барс» (Астрахань) жетті. Атағынан ат үркетін осындай командаларға құрманғазылықтар дес бермей бірінші орынды иеленді. Сол кездегі аудан әкімі Аманжан Әділханұлы Астрахань командалары қақпасына 12 шайбы соққан жерлестерінің шеберлігіне тәнті болып, ризашылығын білдірген. Турнир барысын қазақ және орыс тілдерінде дыбыс күшейткіш арқылы көрермен қауымға әдемілеп, әсерлеп, ойын ережелерін түсіндіре отырып жеткізген Жандос Бектеміров еді. Жұрт Жандосты жаңа қырынан таныды. Жиналғандар алғашқыда тәжірибелі комментаторды әкеліп қойған екен деп ойлаған. Кім екенін естігенде қол соғып қошемет көрсетсе, қонақтар да таңдай қақты. Турнирді ұйымдастыруға Болат Жүгінісов, Жұмажан Шакупов, Нұрлыбек Хамитов, хоккейшілер Асқар Уахитов, Ерболат Нұрбаев, жеке кәсіпкер Асылбек Еділбаев, Қиғаш ауылынан спорт жанкүйері Ильяс Нұғыманов демеушілік жасағанын да айта кетейік. 2012 жылдың ақпан айында Астраханда өткен халықаралық турнирде команда қақпашысы Тілекқабыл Шамашев тамаша ойын көрсетіп, «Турнирдің үздік ойыншысы» атанды.

Міне, осындай командамыз ауданда соңғы кездері хоккейден жарыс сирек өтіп жүр. Бірнеше жылдан бері қолға алынбаған спорттың бұл түрінен биылғы жылы 9 қаңтарда аудандық жарыс өтіп, 4 команда қатысқанын бұған дейін жазған болатынбыз. Бастысы аудан хоккейшілері жүрісінен жаңылмапты. Одан кейін де бірер жарыс ұйымдастырылды. Оны газетке жазып, сайтқа салдық. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Мұқашев пен спорт десе ішкен асын жерге қоятын Жандос Бектеміров сияқты азаматтар тұрғанда шайбалы хоккей тұғырынан таймас. Бірақ, «ат тұяғын тай басатынын» көрсетіп, солардың ізінен еретін жастарды тәрбиелеу қалай жүрері белгісіз. Ол үшін бізге арнайы хоккей алаңы қажет-ақ. Сонда мұз қатуын күтпейміз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT