Хиуаз өскен өңір – өрелі істен кем емес

(0 Votes)

Жаңаталап жаңадан даму бағытын алады. Бұл туралы, Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Олжас Сержанұлымен жүргізілген сұхбатымызда белгілі болды. Оның айтуынша,  ауылда алдағы үш жылда құрылысы жыр болған мәдениет үйі мен тағы бір балабақша бой көтеріп, кедір-бұдыр жолдар түгел асфальтталады.

Жағымды жаңалыққа толы Хиуаз ауылындағы қарыштау қадамдарын төмендегі тұшымды әңгімеден оқи отырыңыз, құрметті оқырман!

 - Олжас Сержанұлы, сіз басқаратын Жаңаталаптың қазіргі жағдайы қалай? Жасалып жатқан жұмыстармен бөлісе отырсаңыз...

- Осыдан төрт жыл бұрын кезіндегі тарихи атауын қайта иеленген Жаңаталап ауылдық округіне қарасты Хиуаз, Шағырлы, Жасарал, Күйген ауылдары бойынша: 3864 адам, 756 отбасы есепте тұрады. 2013 жылғы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша өзіміз тұрып жатқан жерімізді көгалдандыру үшін саябақ салынды. Бастапқыда 100 түп терек отырғызылып, бүгінде оның саны 580-ге жетті. 2019-2020 жылдары аталған демалыс орнына абаттандыру жұмыстары жасалып, түнгі жарық жүргізілді. Орындықтар, қоқыс жәшігі қойылып, тас төсеме төселді. Ауыл тарихы мен қазақтың «қанатты қызы» Хиуаз Доспанованың өмірбаяны жазылған екі мемориал тақта да осы алаңға орнатылды. Енді батыр жерлесіміз Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай оның бюстін орнату жоспарда тұр. Бөбектеріміздің алаңсыз тәрбиеленуіне  140 орындық үшінші «Нұрбөбек» балабақшасының құрылысына «АтырауСтройПроект» ЖШС арқылы  жобалау-сметалық құжаты  жасақталып, келесі жылы құрылыс басталады деп күтілуде. Өнерлі ұландардың игілігіне 25 орындық «Дәулеткерей» атындағы балалар музыка мектебін салуға облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен «СпецСтройСогласование» ЖШС ЖСҚ дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Оның құрылыс жұмытары үшін 193,5 млн теңге қаражат қажет.  Сонымен қатар, округ халқы ауыз су, табиғи газбен және жүз  пайыз интернетпен желісімен қамтамасыз етілген.

 - Осындай жасампаз істеріңіз берекелі болсын! Ал, ауылдағы әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы, тұрмысы төмен тұрғындарға қандай көмек көрсетудесіздер?

 - Округке қарасты мекемелер, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтар мен ауыл жастары қайырымдылық шарасынан алыс емес. Олар аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға үнемі қолдау көрсетіп, жоғын толтырып келеді. Мәселен, «Мектепке жол» акциясының өзінде 24 балаға 94 000 теңгеге оқу құрал-жабдықтар мен сабақ киімдерін сатып алдық. Аз қамтылған 50 отбасыға демеушілік арқылы 321 966 тг (азық-түлік, киім-кешек), 10 отбасыға үкімет тарапынан күнделікті тамақ алуына 15 000 теңгелік сертификаттар, «Халық» қайырымдылық қорының атынан көмекке зәру әр түрлі санаттағы 26 отбасыға әрқайсысы 50 келі болатын тағамдар қорымен қамтылды. Жаңа жылға байланысты мүмкіндігі шектеулі балаларға 46 ертеңгілік сыйлықтар таратылды. 88 адам қоғамдық ақылы жұмысқа орналасты.  25 отбасыға  мемлекеттік АӘК  тағайындалып, олар ай сайын тұрақты түрде кепілдендірілген әлеуметтік пакет алып отыр. Сонымен қатар, І-топ мүгедегі бар бір отбасының үйіне газ, екіншісіне,  ауыз су тартылып, игілікке берілді.

- Жаңаталап ауылдық округінің неше пайыз тұрғыны жұмыспен қамтылған? Әкімшілік жанынан қолдау көрсетіп, еңбекке араласқандар бар ма?

-  «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» және ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті несиелендіру бағдарламасына сәйкес «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы екі хиуаздық  7 800 000 теңге шағын несие алды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 7 жас маман уақытша жұмыспен қамтылды. Жыл басынан бері 182 адам жұмыссыздар есебіне тіркеліп, оның 29-ы тұрақты, 40 уақытша, 24-і маусымдық, 88-і қоғамдық ақылы және біреуі  әлеуметтік жұмыс орны арқылы қызметке орналасты. Округ бойынша «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыссыз жүрген 2 адам мал өсіру кәсібін бастау үшін 583 400 теңгеден грантқа ие болды.

- Емхананың жағдайы қалай? Медициналық құралдар жеткілікті ме?

 -  Дәрігерлік емханада барлығы 15 жұмысшы-қызметкер еңбек етуде. Медициналық құралдар жеткілікті. Есепте тұрған артериялық қан қысымымен «Д» санатындағы 68 науқасқа 572 қорап, қант диабетімен «Д» есептегі - 30 және 328 балаға тегін дәрі-дәрмек берілді. Жыл басынан бері ковид және пневмония ауруымен 41 адам ауырып, 39-ы емделіп шықты. 2 тұрғын дүниеден өтті. Дәрігерлік емханаға 2020 жылдың желтоқсан айында жедел-жәрдем үшін  УАЗ автокөлігі берілді. Қазіргі уақытта барлық шақыртуларға сол көлікпен қатынап отыр және өткен жылы ғимарат жеңіл жөндеуден өткізілді.

- Ауылішілік жолдарды төсеу құрылысының сапасы көңіл көншітеді ме? Неше көше жарықпен қамтылған?

- Округ бойынша ауылішілік жолдарға 2017 жылы жер акт алынып,  Хиуаз ауылына кірме және ішкі жолдар салу үшін 10 шақырым жолға ЖСҚ жасақталып, сараптамадан өтті. Жобаның жалпы құны – 1 802 373 000 теңге. 2021 жылы қыркүйек айында асфальтты қыру-тазалау басталды. Жоспарға сәйкес , қалған жұмыстар ағымдағы жылы ауыспалы түрде жалғасады. «Ауыл бесігі» жобасы арқылы тас жол төсеуге 23 тұрғын екі ай мерзім  еңбек етті. 2009 жылы Хиуаз ауылының негізгі 3 көшесіне – 33 , 2018 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы 8 көшеге – 39, 2021 жылы 9 көшеге –  49 дана жарық орнатылды. Хиуаз, Шағырлы, Күйген елді мекендерінде 17 көшеге – 121 дана көше шамы жұмыс жасап тұр. Биыл қалған көшелерге жүргізу жоспарда бар.

- Хиуаз ауылының атын естіген кезде ассосация өнермен ұштасады. Алайда, 50 жылдық тарихы бар театр өнерпаздарында мәдениет үйі жоқ. Жаңа клубтың құрылысы қашан басталады?

-Мәдениет үйін салу үшін күні бүгінге дейін ЖСҚ дайын болмай, сәулетіне қаржы сұрату мүмкін еместігі белгілі. «Байластыру» ЖСҚ облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен «ПК Жезказган Проект» ЖШС-мен жасақталды.  Жұмыс жобасына өткен жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Оның жалпы сметалық құны 1205,3 млн теңгені құрап, бастапқы құрылысқа, яғни  тендер жұмыстарын аяқтау үшін  200 млн қаражат бөлінді. Ағымдағы жылы жаңа мәдениет ошағын салып бастауға қаржы көзі шешіліп отыр.

 - Шаруагерлердің қысқы мал азығы қалай үйлестірілуде?

- Округтің барлық жер аумағы 110 158 га, оның ішінде: ауылшаруашылық алқабы 31 657 га, шабындық 13 500 га, жайылым 18 157 га, басқа жерлер 67 926 га құрайды.  Жаңаталапта мал өсіріп, егін егумен айналысатын 82 шаруа қожалығы бар. Қысқы мал азығының дайындалуы: 13100 тонна 106% орындалып отыр.

Өткен жылы мүйізді ірі қара малын асылдандыру бағытында жұмыстанып жүрген 8 шаруа қожалықтарына 7 700 000 теңге қайтарымсыз қаржы берілді. Ал, мал азығын дайындағаны үшін 1 шаруа қожалығы 2 751 000 теңге субсидия алды.

 - Сұхбатыңызға рахмет!

 Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT