Харабайлы ауруханасымен келісімшарт жасалды

https://batys.info
(0 Votes)

Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Асулан Нұрбұланұлы Абдрахманов:

– Шалғайда жатырған Азғыр өңіріне медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатымен  аудан, облыс әкімімен бірнеше рет іссапармен барып қайттым. Халықтың жағдайын, әл-ауқатын, медициналық мекемелердің жай-күйін қарадық. Азғыр өңірінің көкейтесті мәселелерін тыңдап, қазір шешу барысында жұмыстану үстіндеміз. Ең бірінші Сүйіндік, Балқұдық  ауылдық округіндегі ауруханалардағы  автокөлік мәселесі, жолдың қиыншылығына орай «Уаз» көлігінің тозығы жетуі, Балқұдық ауылымен шекаралас Ресейдің  Харабайлы елді мекеніндегі аудандық ауруханасында қыр өңірінің тұрғындарына кедергісіз қызмет көрсету мәселесін шешу жоспарланған болатын. Осы бағытта Атырау және Астрахан олыстарының денсаулық сақтау басқармалары арасында үлкен келісімшарт жасалды. Нәтижесінде «жасыл дәліз», яғни, келісімшарт негізінде харабайлылық  дәрігерлер тарапынан қыр өңірінің халқына тегін медициналық қызмет көрсету жұмыстарын ұйымдастыру  қолға алынуда. Азғыр өңірінің тұрғындары ауыра қалса ұзақ әрі қиын жолмен аудан орталығына шапқылап жүрмейді. Ол келісімшарт осы жылдан бастап күшіне енеді. Жалпы ауданымыз бойынша жұмыс барысы өз деңгейінде жүреді, дәрігерлердің халыққа сапалы қызмет көрсетуін үнемі бақылауда ұстаймыз. Алда әлі үлкен жұмыстар күтіп тұр.

– Қазір қандай дәрігер мамандардың  тапшылығы сезілуде? Оларды шешу үшін недей жұмыстар жасалуда? Медициналық жоғары оқу орындарымен байланыстарыңыз бар ма?

 – Аудан көлемінде жоғары санатты – 12, І санатты – 13, ІІ санатты – 6 дәрігер мен  жоғары санатты – 134, І санатты – 28, ІІ санатты – 14 медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. 13 дәрігер мен 15 мейірбикеге санаттылық алуға уақыты толмаған. Бір-бірден акушер-гинеколог, реаниматолог және Ақкөл ауылдық округіне жалпы тәжірибелік  дәрігер қажет. Дерматолог пен невропатолог дәрігерлердің бала күтімі демалысына байланысты уақытша тапшылығы сезілуде. 2022 жылы тамыз, қараша айларында 2 дәрігер, 2 орта буын медицина қызметкері Израиль еліне тәжірибе алмасып, біліктілігін жетілдіру мақсатында оқу курсына барып қайтты. Біз медициналық жоғары оқу орындарымен, тіпті орта буын мамандарды даярлайтын колледждермен де тығыз байланыстамыз. Олар студенттерді бізге, жергілікті жерге  тәжірибеден өтуге жібереді. Көбіне Ақтөбе және Алматы медициналық институттарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Қазіргі таңда да ауданымызда  тәжірибеден өтіп жатырған студенттер бар. Жаз мезгілінде Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысымен, облыстық аурухананың директорымен бірге  Ресей Федерациясының Астрахан қаласындағы медициналық университетінде болдық. Онда оқып жатырған студенттер арасында қазақтар да бар екен. Соларды ауданымызда жұмыс жасауға шақырдық. Өз тараптарынан  оқуларын бітіргеннен кейін ауданымызда  қызмет еткілері келетінін айтты.

Қанат Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT