Иә, бүгін театр қайраткерлерінің кәсіби мерекесі. Атаулы күн дүниежүзінде 1962 жылдан бері тойланады.
Сахна саңлақтарының кәсіби мерекесі күллі театр сүйер қауымға ортақ.
Сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің тұнығын лайламай, көптің көңілінен шығып жүрген ұжымдар біздің Құрманғазы ауданында да аз емес. Солардың бірі - Дүйсенғали Ғұмаров атындағы халықтық театры.
Бүгін бұл театр ұжымы бекзада өнер театр күніне және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына ұштастыра келе аудан халқына әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Аққудың көз жасы» атты лирикалық драмасын сахналады.
«Аққудың көз жасы...» лирикалық драмасы – адам жүрегіндегі ең асыл сезім – сүйіспеншіліктің құдіреті мен қасиеті туралы сыр шертеді. Алғашқы махаббат пен аңызға айналар шынайы махаббаттың қара түнекті, зұлымдықты жеңетін керемет күшін әспеттейді. Сонысымен әр адамның жүрегіндегі қимас сәттерін жаңғыртып, өмір патшалығының алтын сарайын назарыңызға ұсынады.
Қойылым режиссері – белгілі өнерпаз Болат Бидуллаев. Сондай-ақ, аталмыш қойылымға аудан театры тарихында алғаш рет 25—тен аса актерлік құрам қатысып отыр.
Бұл ретте, атап өту керек, театр актерлерінің сахнадағы шеберліктеріне көрермен орындарынан тұрып қошемет көрсетті. Осының өзі қойылым діттеген мақсатына жеткенін білдіреді.
Сонымен қоса, ауданда кәсіби мерекеге орай, Жаңаталап ауылында Зәмзәм Исмағұлов атындағы халықтық театры «Тыныштық күзетшісі», Орлы ауылында «Оқ астында туған қыз» атты тарихи драмаларын көрерменге ұсынған болатын.








ГҮЛХАТ ХАМЗА, Құрманғазы аудан әкімінің баспасөз хатшысы.